Accessibility links

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы сотқа шақырылды


Алматыда оппозициялық партияға қарсы сот басталғалы отыр. Прокуратура «заң бұзған» деген желеумен соттан ҚДТ партиясын жабуды сұраған. Оппозиция бұл сот ісін «биліктің саяси тапсырысы» деп атады.


Өткен жылдың соңында Алматы қалалық прокуратурасы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын жабу жөнінде Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына шағым түсірген болатын. Осы шағымға байланысты қаңтардың 5-і күні «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жетекшілері сотқа шақырылды.

Алайда негізгі жауапкер – «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметовтың сырқаттанып қалғанына байланысты сот процесі қаңтардың 6-сына деп белгіленді.

Алматы қалалық прокурорының міндетін атқарушы Б.Мамытов қол қойған шағым арызда «Қазақстандағы мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетін мойындамай және олардың қызметіне кедергі келтіреміз деп мәлімдеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы Қазақстанда әлеуметтік теке-тірес туғызуға жағдай жасағаны және конституция мен заң талаптарын орындамағаны үшін сот арқылы жабылуы тиіс» деген сөздер бар.

Сондай-ақ «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жуырда өткен ІІ құрылтайында «заңсыз сайланған жаңа парламентті мойындамаймыз» деп мәлімдеме жасаған еді. Осы сөздер билікке оппозициялық партияны жабуға себеп болды дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбет.

Ол «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясына қатысты мәселені әкімшілік сот емес, экономикалық сот қарағалы отырғандығы түсініксіз болып тұрғанын айтады.

– Ал оппозициялық партияның саяси кеңесінің басшысы Асылбек Қожахметовтың ауырып жатқандығына қарамастан Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнар Мейіржанова келесі сот процесін қаңтардың 6-сына белгілеп отыр, – дейді Батырхан Дәрімбет.

Батырхан Дәрімбет бейсенбі күнгі сотқа «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясынан ешкім де қатыспайды деп мәлімдеді.

Қаңтардың 5-і күні сот үйі алдына «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясын қолдайтын, кеуделеріне қызғылт-сары түсті ленталар тағып алған ондаған адам жиналды. Қолдарына «Демократияға қауіп төнді», «Кеше – Грузия, бүгін – Украина, ертең – Қазақстан» деген жазулар ұстаған бұл адамдар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясына қарсы сотқа өз наразылықтарын білдіріп, біраз уақыттан соң тарады.
XS
SM
MD
LG