Accessibility links

Баспасөзге шолу. 6 қаңтар 2005 жыл.


Мерзімді басылымдарда Алматыда “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясына қарсы алдын-ала сот тыңдаулардың болып өткендігі, сол сияқты Заманбек Нұрқаділовтың жауапқа тартылуы мүмкін екендігі баяндалыпты.

“Столичная жизнь” апталығының 6 қаңтар күнгі санында жарық көрген Әсет Қалымовтың “Радикалдар сотқа шақырылады” атты мақаласында Алматы қаласындағы ауданаралық экономикалық сотта “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” қоғамдық бірлестігін жауапқа тартуға шақырған талап-арыз бойынша алдын-ала тыңдаулардың болып өткендігі хабарланыпты.

Газет тілшісінің жазуынша, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” төрағасы Асылбек Қожахметов денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмаған. “Қазақстандағы адам құқын қорғау жөніндегі халықаралық бюроның” директоры Евгений Жовтистің айтуынша, қазіргі уақытта оппозициялық партиясы осы сотта Жовтисті ресми, ал Жармахан Тұяқбайды қоғамдық қорғаушы ретінде тағайындау мәселесін қарастырып жатыр екен.

Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, желтоқсан айының аяғында Алматы қаласының прокуратурасы “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” қызметін тоқтатуды талап етіп, сотқа талап-арыз түсірген. Бұл талап-арызда аталған партияның Қазақстан конституциясын өрескел бұзғандығы айтылған. Мақала авторының айтуынша, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” өздерінің саяси мәлімдемелерінде атқарушы билікті "халыққа қарсы және заңсыз" деп айыптап, қоғамды оған бағынбауға шақырған.

“Время” апталығы шағымданушы жақтың өкілінің “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” қоғамдық бірлестігінің елдің аймақтарында немесе шетелде филиалдары бар ма деген сұрағына жауап бере алмағандығынан бұл сот отырысының кейінге қалдырылғандығын хабарлапты.

Сондай-ақ “Время” газетінде желтоқсан айының соңында белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қылмыстық іс қозғағандығы да айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, қаңтардың 5-і күні Заманбек Нұрқаділов Алматы қалалық ішкі істер басқармасынан шақыру қағазын алған, бірақ адвокатының жоқтығына байланысты ол шақырған жерге бара алмаған.

Сондай-ақ мақалада Заманбек Нұрқаділовтың өз қорғаушысы арқылы Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің “Президенттің ар-ожданына нұқсан келтірді” деген желеумен қылмыстық іс қозғағандығына орай қарсылық шарасын әзірлеп жатқандығы да баяндалыпты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жас алаш” басылымы Алматыда Жармахан Тұяқбайдың жетекшілік етуімен демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің отырысы өткендігін атап өтіпті.

Мақала авторының айтуынша, үйлестіру кеңесі прокуратураның “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын күштеп жабу туралы талабының, сондай-ақ соңғы кездері демократиялық ұйымдар мен қоғам қайраткерлеріне қарсы “қылмыстық істер” қозғалуының астарында саяси мән бар және бір орталықтан басқарылып отыр” деген қорытындыға келген.

Үйлестіру кеңесінің пікірінше, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясын тарату ісінде де сот тапсырыс бойынша шешім шығаруы ықтимал.

Газет тілшісінің хабарлауынша, үйлестіру кеңесі ұйымдар мен демократиялық оппозиция жетекшілерінің үстінен іс қозғалуын – Украинадағы оқиғалардан соң Қазақстан билігінің президент сайлауының алдындағы ызалы әрекеті деп санайды. Үйлестіру кеңесінің мәлімдеуінше, биліктің бұл саясаты өздері ресми түрде жариялап отырған “демократияны одан әрі дамыту” туралы мәлімдемелерімен сәйкес келмейді, керісінше қоғамдағы саяси қарсылықты күшейте түседі.

Ал, “Азат” газетінде “Демократияға қауіп төніп тұр” деген тақырыппен “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” саяси кеңесінің мәлімдемесі жарық көріпті.

Бұл мәлімдемеде “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” саяси кеңесі бюросы партияны ресми түрде жауып тастауға талпыныс жасауды "Нұрсұлтан Назарбаев режимінің, демократиялық оппозицияны түбегейлі құртуға бағытталған саясаты" деп бағалапты. Сондай-ақ осы мәлімдеме арқылы “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы "конституцияның кепілі ретінде оның бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ете алмаған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім білдірмейтіндіктерін" айтыпты.

“Біз демократиялық оппозиция үстінен құрылған бұл сотты Нұрсұлтан Назарбаев режимінің үстінен жүргізілетін сотқа айналдыруға ұмтылатынымызды мәлімдейміз” деп аяқталыпты “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының мәлімдемесі.

“Экспресс К” басылымы “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” өкілдерінің бұл сот процесін 12 қаңтарға қалдыруын өтінгендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, сот олардың бұл талабын орындаудан бас тартқан. Сондай-ақ “Экспресс К” газеті сот залында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” елуден астам жақтастарының жиналғандығын да тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG