Accessibility links

Өзбекстан териториясында қалған Қазақстан азаматтарын көшіру басталды


Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара сызығын межелеу жұмыстары барысында Өзбекстан жерінде қалған Қазақстан азаматтарын Қазақстанға көшіру жұмыстары басталған. Бұл мақсатқа қазақ үкіметі 273 миллион теңге бөліп отыр.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараны анықтау және межелеу жөніндегі үкіметаралық комиссияның мүшесі Бексейіт Дүйсебаевтың айтуынша, шекаралық сызықтың ар жағында, яғни Өзбекстан аумағында 92 отбасы үй-баспанасымен және 3 коммерциялық құрылым қалған.

Оның айтуынша, Өзбекстанда әрбір отбасы тұрып келген үйдің бағасы, жер учаскесі, бір реткі көмек, көлік бағасы және Қазақстанға көшіп келген соң 3 күн бойы тегін азық-түлік көмегі бар, барлығы шамамен 1,2 миллион теңге шамасында болмақшы.

Ол азаматтар Қазақстанға келген соң өздері қалаған аудан, қаладан үй баспана сатып ала ма, жоқ әлде берген жерге жаңадан үй сала ма – ол өз еріктері болмақ. Өзбек жағы шекарадан 50 метр қашықтықта ешқандай үй, баспана болмасын деген ұстанымда, ал Қазақстан жағы 30 метр қашықтық болса жетеді деп отыр.

Үкіметаралық комиссия мүшесі Бексейіт Дүйсебаевтың айтуынша, шекарадан бергі 30 метр қашықтықта 300-ден астам үй-жай бар, ал оларды ішке қарай көшіру ісі одан кейінгі жұмыс болмақ.

Өзбекстан териториясында қалған Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарына көшіп келгелі отыр. Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі Исақ Оспановтың айтуынша, жаңа жыл шыға Өзбекстан жағынан 3-4 қазақ отбасылары көшіп келе бастаған.

Ал Қазақстан үкіметінің ақшалай жәрдемін алып Өзбекстанда қалғысы келетін ұлты өзбек азаматтар да бар көрінеді. "Оларға жол ашық, әркім өз таңдауымен болады" дейді Исақ Оспанов.

Осы шекара сызығы өткен кезде Қазақстан жағында қалып қойған өзбек ауылдары, Өзбекстан азаматтары жөнінде білмек болып Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің бірінші хатшысы Акмал Иганбердиевичке хабарласқан едік. Алайда ол кісі бұл жөнінде ешнәрсе білмейтіндігін айтып, "бұған қатысты мәліметті екі елдің үкіметаралық комиссиясы бере алады" деп соларға аударды.

Үкіметаралық комиссия мүшесі Бексейіт Дүйсебаевтың айтуынша, Өзбекстан азаматтығы бар 24 өзбек отбасының 7-еуі ғана Өзбекстанға қайтқылары келеді, ал 17 отбасы Қазақстанда қалып, Қазақстан азаматтығын алуға құлшыныс білдірген.
XS
SM
MD
LG