Accessibility links

Оңтүстік-шығыс Азияда табиғи апат мерт еткендер арасында әзірге қазақстандықтар жоқ


Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі оңтүстік-шығыс Азиядағы табиғи апаттан опат болғандар арасында әзірге Қазақстан азаматтары жоқ, тек үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат таратты.

Қаңтардың 6-ы күні Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай табиғи апат болған оңтүстік-шығыс Азияда үш адам ғана хабар-ошарсыз кетті деп іздеу салынғанын айтты.

Сондай-ақ Мұхтар Кәрібай қазақстандық нәресте – 10 айлық Марк Алексеевке қатысты кейбір ақпарат құралдары таратқан хабарда "жаңсақ деректер бар" дегенді айтты.

– Әлемдік телеарналар кішкентай Маркті Үндістан азаматы көтеріп тұрған кадрлерді көрсетікенде "бұл баланы үнді азаматы құтқарып қалды" деп хабарлады. Біздің консулдық қызмет департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Баланы үнді азаматы емес, өз әжесі қолына ұстап қалған. Үнді азаматы жай барып, баланы көтеріп суретке түскен. Ол сол отбасының танысы екен. Бірге іздеп барған. Сол кезде нәрестені қолына көтерген кезде операторлар түсіріп алып, кейін оны сол адам құтқарған сияқты көрсеткен, бұл – қате мәлімет, – дейді Мұхтар Кәрібай.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік эпидемиологиялық қадағалау комитетінің аса қауіпті аурулар бөлімінің бастығы Айтмағанбет Жолсаринов оңтүстік-шығыс Азия елдерінде болған табиғи апатқа байланысты өткен жылдың желтоқсан айының 28-інде мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің қаулысы шыққанын айтты.

– Осы қаулыға сәйкес апат болған елдерден келген әрбір азамат мемлекеттік шекарада санитарлық-карантиндік бақылаудан өтеді. Бұл жұқпалы ауруларды алдын алу мақсатында жасалып отыр, – дейді Айтмағанбет Жолсаринов.

Сондай-ақ ол санитарлық-карантин бекеттері Алматы, Астана қалалары әуежайларында және облыстарда жұмыс жасап жатқанын, ал, негізгі жұмыстың Астана мен Алматы қалаларында қолға алынғанын жеткізді. Айтамағанбет Жолсариновтың айтуынша, қазіргі уақытта сырттан келушілер арасында жұқпалы ауруы барлар анықталмаған.

– Аталған жағдайларға байланысты телеараналар арқылы оңтүстік-шығыс Азия елдеріне саяхатқа шығушыларға уақытша шықпауларын өтініш еттік, бірақ бұл олардың өз құқы, оған шектеу қоюға құқымыз жоқ, – дейді Айтмағанбет Жолсаринов.

Ал Астана қаласындағы туристік фирмалар өкілдерінің бірі оңтүстік-шығыс Азия елдеріне саяхатқа баратындардың аталған табиғат апатынын кейін тыйылғанын, ал енді бірі чартерлік бағдарлама болған барлық рейстер орындалған деген қысқа жауаппен шектеліп отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың бесінші қаңтарына дейінгі жағдай бойынша «Эйр-Астана», «Ирбис» және «Көкшетау әуе желісі» авиакомпанияларының рейстерімен оңтүстік-шығыс Азиядағы апат аймағынан 318 Қазақстан азаматы оралған. Аталған министрлік баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, апаттан соң Таиландқа ұшып шыққан 12 адам іздеу салынғандар қатарында деп көрсетілген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің тікелей байланыс жүйесінің жұмыс істеуінің нәтижесінде, өткен жылдың 28-желтоқсаны мен биылғы жылдың 6-қаңтары аралығында 10 адам табылыпты. Ал апат аймағынан шығарылған Қазақстан азаматтарының жалпы саны 485 адам екен.
XS
SM
MD
LG