Accessibility links

Қазақстанда 2004 жылы 59 ұйымдасқан қылмысты топ қарусыздандырылған


Полицияның хабарлауынша, қолға түскендердің арасында ұйымдасқан қылмысты топтардың 65 лидері бар. Бірақ, өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстандағы қылмыстық істердің саны біртіндеп азайып келеді дейді полиция өкілдері.

Бұл туралы бес облысты қамтитын аса ауыр қылмыстармен күресті үйлестіру жөніндегі аймақтық орталық бастығы Бекет Аймағамбетов хабарлады.

– Кейінгі жылдары өзіміздің бақылауымызша, қылмыстың деңгейі төмен түскен сияқты, жаңағы жұрттың әл ахуалына байланысты, – деді Бекет Аймағамбетов.

Ол сөзіне дәлел ретінде «америкалық Ерік» деген лақап атқа ие қазақ жігітінің басшылығымен ұйымдастырылған, құрамында 100-ге тарта адамды біріктірген Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі қылмыстық топтың әрекеттерін мысалға келтірді.

– Солар Қарағандының спорт мектебіне келіп, «жұмыс тауып береміз, ақша береміз» деп, жас балаларды өз құрамына қосып алатын болған. Ал, қазір олардың жұмыстары бар. Әлеуметтік жағдайы да бұрынғыдан көтерілді.

Бірақ, іс жүзінде күдікті саналатын 128 ұйымдасқан қылмысты топ бар дейді полиция өкілдері. Алайда, олардың кінәсі толық дәлелденбейінше қылмысты топ өкілдері жауапқа тартылмайды.

Аса ауыр қылмыстармен күресті үйлестіру жөніндегі аймақтық орталық бастығы Бекет Аймағамбетовтың айтуынша, күдікті деген ұйымдасқан қылмысты топ өкілдерінің экономикалық жағдайы нығайған сайын, олардың кінәсын дәлелдеу де қиынға соғады.

– Олар қарап отырған жоқ, қарсыласып жатыр. Ақшалары бар, қымбат машиналармен жүреді, үйлерді айырбастайды. Біз заңды мемлекеттеміз ғой. Ертең қылмыстарын әшкерелемей, бәрін әкеліп қамай берсек, онда 1937 жыл болады, – дейді Аймағамбетов.

Аса ауыр қылмыстармен күресті үйлестіру жөніндегі орталық бастығының орынбасары Ұлықбек Патсаевтың айтуынша, ұйымдасқан қылмысты топ мүшелері өз жағдайларын заңдастырып алған. «Бұған дейін қылмыстық әркеттермен айналысқан адамар қазір фирма директорлары, серіктестіктердің президенттері болып алған» дейді ол.

Полицияның мәліметінше, соңғы кезде Қазақстандағы қылмыскерлер экономика саласына көбірек бас сұға бастаған. Қазір Қазақстанда қылмысты топтар казинолар мен астық базарын өз бақылауында ұстауды мақсат етеді дейді полицейлер.

Астанада пәтерлердің құны өскен сайын, оған қызыққан қылмыскерлер пәтер иелерін ұрлау жайттары да тіркелген. Ірі фактілердің ішінде пәтерінен 180 мың доллар тоналған екі кәсіпкер әйелдің өлтірілуі аталды. Бірақ, өткен жылдармен салыстырғанда зорлық-зомбылық көрсету азайған дейді полиция өкілдері.
XS
SM
MD
LG