Accessibility links

Үйлердің реттік санының ауыстырылуы астана тұрғындарын әбігерге салды


Астанадағы үйлердің реттік сандарын тәртіпке келтіру мақсатында қала әкімшілігінің енгізген өзгерістерінен бірқатар қиындықтарға тап болғандарын айтқан тұрғындар биліктің ісіне наразылық білдіріп жатыр.

Астанадағы көптеген үйлерде қазір екі-үштен адрестік атаулар бар екен. Бұл жедел жәрдем, такси, пошта байланыстары қызметтерін де қиындатып жіберген. Екі-үштен адрестік атаулары бар үйлердің тұрғындары «енді қай нөмірді, қай мекен-жайды айтарымызды білмей басымыз дал болып жүр» дегенді айтады.

Астанада үйлердің реттік сандарының өзгеруіне қалада жаңадан салынған ғимараттар, тұрғын үйлердің бой көтеруіне байланысты. Ал бірақ, бүгінде кейбір үйлерде екі-үштен адрестік атаулар пайда болған.

Кенесары атындағы көшеде тұратын, өз аты-жөнін атағысы келмеген бір тұрғын енді барлық іс-қағаздарды ауыстыруға тура келетіндігін, қаншама мекеменің табалдырығын тоздырып, көп уақыттың зая болатындығын айтып шағымданды.

– Бұрын бұл үйдің нөмірі басқа болатын, енді барлық іс-қағаздарды қазіргі нөмірге ресімдеу керек. Тіпті туыстарың, достарың қай адреспен табатындарын білмейді, ескі адреспен бе, әлде жаңа адреспен бе – осы жағы да қиындық тудырып отыр, – дейді бұл тұрғын.

Манарбек есімді тағы бір тұрғын үйдің нөмірін ауыстырғанын «бұл тек біреулердің ақшаны өз пайдаларына жарату үшін ойлап тапқандары» деген долбар айтады.

Кенесары көшесінің тұрғыны хат алысу барысында да қиындықтардың кездесіп отырғандығын алға тартты.

– Хат келгенде немесе жеделхат жолдағанда пошта қызметкерлері бұл адресті тапқанша бірталай уақыт кетеді, – дейді қала тұрғына.

Астана қалалық пошта торабы директорының орынбасары Зинаида Кузнецова нөмірлердің өзгеруі пошта қызметкерлеріне де әсерін тигізбей қоймайтынын айтады.

– Алайда, біз қызметкерлермен ұдайы жұмыс жүргізіп тұрамыз. Барлығының қолдарында схемалары бар, – дейді Зинаида Кузнецова.

Оның айтуынша, келген хаттар, жеделхаттар, посылкалар міндетті түрде көрсетілген мекен-жайына жолданып отырады. Ал Есен есімді қала тұрғыны көпшілігінің ескі адресті қолданып жүргендерін айтады.

– Өзіміз де жедел жәрдем, такси шақыртатын болсақ ескі адресімізді айтамыз. Өйткені жаңа адресті әлі ешкім білмейді. Ескі адрес пе, жаңа адрес пе деп сұрап жатқан да ешкім жоқ, – дейді Есен.

Астаналық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Балқия Сүлейменова үй нөмірлерінің ауыстырылуы уақытша қиындық туғызып отырғанын жоқөқа шығармайды.

– Алайда тығырықтан шығуға тырысамыз, – дейді Балқия Сүлейменова.

Ол кейбір жаңадан ашылып жатқан шағын аудандарда әлі күнге дейін көше атауларының болмауы жедел медициналық көмек көрсетуге кедергісін келтіріп отырғандығын айтады.

– Біз күні-түні жұмыс жасаймыз. Әбден үйреніп алдық, жүргізушілер бір-бірлеріне рация арқылы шығып, түсіндіріп жатады, сөйтіп тіршілік етіп жатырмыз, – дейді бас дәрігер.

Осы мәселеге қатысты Азаттық тілшілері Астана қалалық әкімдігіне хабарласқан еді, ондағылар «бұның бәрі Астананың бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан шаралардан туындап отырған мәселелер» деген жауап берді.
XS
SM
MD
LG