Accessibility links

Қытай халқының көбеюінің Қазақстанға әсері қалай болмақ?


Халқының саны 1,3 миллиард адамға жеткен Қытай тұрғындарының жедел қарқынмен көбейіп келе жатқаны әлем мемлекеттерін алаңдатып отырса, қазақстандық сарапшылар Қазақстан үшін оның қаупі бәрінен де жойқын болады деген пікір айтып, үкіметтің бұл мәселеге қатысты саясатын сынайды.

Қытай қаңтардың 6-сы күні бір миллиард 300 миллионыншы азаматының дүниеге келгендігі туралы жар салды. Қазақстанда шығатын «Алтын ғасыр» газетінің редакторы Жұмабай Доспановтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының түрлі саласында 300 мыңнан аса Қытай азаматтары қызмет етеді екен.

Қазақстан патриоттары партиясы төрағасының орынбасары Айтқали Есенғұлов болса: «Қытайдың Қазақстан жеріне көз тігіп отырғаны ежелден белгілі. Соған қарамастан Қазақстан басшылығы көші-қон саясатында солқылдақтық танытып отыр» деген пікір білдірді. Оның айтуынша, «оңтүстік облыстар мен Шығыс Қазақстанда қытайлық базаршылар емін-еркін жүр, олардың есебін ешкім білмейді».

Саясаткер Жасарал Қуанышәлі «әлемдегі халқы көп елдің бірі – 210 миллион тұрғыны бар Индонезияны да небәрі бес миллион қытайлық эмигрант билеп отыр» деген мысал келтіреді.

«Алтын ғасыр» газетінің редакторы Жүмабай Доспанов әлемдегі қуатты ел – АҚШ-тың конгресмендері де өз елдерінде Қытай азаматтарының көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдіріп отыр дегенді айтады. Сенатор Уәлихан Қайсаров Қытайда жылына он миллионға жуық сәби дүниеге келетіндігін алға тартады.

– Қазақстан үкіметі елдің болашақ он жылдық тағдырын мүлдем ойластырып отырған жоқ. Ал Қытай үкіметі бар мәселені ғасыр бұрын ойластырып отырады, – дейді «Алтын ғасыр» газетінің редакторы Жұмабай Доспанов.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлі «қазақ үкіметі көші-қон саясатын түбегейлі қайта қарамаса, Қытай қаупінің бұлты қоюлана түседі» деген пікір білдіреді. Қазақстанда қанша қытайлық азамат тұрып жатқандығы жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен көші-қон полициясынан ресми мағлұмат алудың сәті түспеді.
XS
SM
MD
LG