Алматы қаласының бүгінгі сәулетіне алаңдаған қазақстандық бірқатар архитекторлар мен дизайнерлер бұл мәселемен өздерінің тізе біріктіріп айналысу ниетімен Қазақстанның архитекторлары мен дизайнерлері қауымдастығын құрғандықтарын мәлімдеді.
Қазақстанның еңбегі сіңген архитекторы Бек Ибраевтың айтуынша, аталмыш қауымдастық мүшелігіне Алматының зиялы қауым өкілдері тартылып отыр.
- Қазіргі таңда қала бұрынғы келбетінен айырылып барады. Қауымдастық осындай өрескел әрекеттерге қарсы тұру үшін құрылып отыр. Алдағы уақытта қаланың құрылысын жоспарлау ісіне белсене араласатын боламыз, - дейді Бек Ибраев.
Сондай-ақ, жаңа қауымдастық басшылары үкіметтен бастап көптеген мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс жасауды мақсат тұтып отырғандарын айтады. Олар Алматы қаласына соны сәулет жоспары қажет деп санайды. Және де Алматыдағы көлік құрылымын жетілдіруге де өз үлестерін қосуды да көздеп отыр екен.
- Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов өзінің соңғы қаулысымен осы екі шығармашылық одақ отырған ғимаратты бұзып, орнына жаңа тұрғын үй салуға пәрмен бергені тіптен түсініксіз, - дейді дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов.
Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметіндегілер Азаттыққ радиосына бұл мәселеге байланысты ешқандай ақпарат бере алмайтындығын айтты.