Accessibility links

Қазақстандағы түзету мекемелерінде мешіттер мен шіркеулер саны ұлғайып келеді


Қазақстан аймақтарындағы түзету мекемелерінде арнайы діни құлшылық орындары жылдан жылға көбейіп келе жатқаны байқалып отыр.

Дінтанушы Бейбіт қажы Сапаралының айтуынша, Қазақстанның әр облысында белсенді жұмыс істеген діни ағым өкілдерінің қызметтері назарға түсіп жатады. Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамдар үшін діннің ролі де үлкен дейді Бейбіт қажы:

- Түрме әкімшілігіндегілер ондағы мешіттерде имам болғандардың тез босап, олардың орнына адам іздеу қиын болатынын айтады.

Түзету мекемелерінде отырған адамдар арасында сондағы құлшылық ететін арнайы орындарға барып, күнәларынан тазаруды мақсат ететіндердің қатары жылдан жылға өсіп келе жатқаны байқалады дейді Бейбіт қажы Сапаралы:

- Күнәлары кешірілді ме, жоқ па - ол тек бір аллаға мәлім. Біз - адамдар оны айта алмаймыз. Ал христиан, әсіресе католиктерде индульгенция деген бар. Оларда күнәсын айтып, ақша беріп, шіркеу қызметкері ортада делдалдық атқарады. Ислам дінінде ондай жоқ.

Павлодар аймағындағы шіркеулердің жұмысын реттеп отыратын игумин Иосифтың айтуынша, православия шіркеуінде күнәдан тазару тек өткен ісіне өкініш білдіру ғана емес, болашақта ондай іске бармау дегенді білдіреді,

- Ал құдайдың адамды кешіруі - адамның шынайы пиғылына байланысты. Өйткені күнәдан тазару ниеті адамның өзінен шығу керек. Ислам және христиан діндерінде адамдар мешіт пен шіркеулерге өз ниеттерімен келеді, ал секта өкілдері түрме мен колониялардағы адамдардың қиын жағдайын пайдаланып, оларға заттай сыйлықтар беріп, өз қатарларына қосып жатады, - дейді игумин Иосиф.

Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Бейсен Жайсиннің айтуынша, 2003 жылы Қазақстандағы түзету мекемелеріндегі намаз оқитын және құдайға жалбарынатын бөлмелерді есептемегенде, дербес ғимарат ретінде тұрған 20 мешіт пен шіркеу болса, 2004 жылы олардың саны 29-ға жеткен.

- Бұл ғимараттарды салуға қылмыстық атқару жүйесінің комитеті жер бөледі. Түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар құрылысқа қатысады. Бастысы, діни конфессиялардың пайдасы бар. Дінге бас игендер тарапынан құқық бұзушылық, ұрлау, төбелес болмайды, - дейді Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Бейсен Жайсин.

Оның айтуынша, жыл сайын режимдік нысандарға баруға бірнеше діни конфессияларға рұқсат беріледі.

- 20 діни бірлестік, екі қоғамдық бірлестік және 4 қоғамдық қор солардың қатарына кіреді, - дейді ол.

Барлығы 5 мәрте сотталған, өмірінің 33 жылын темір тордың ар жағында өткізген Меден Есіркеповтың айтуынша, діни конфессиялардың жас қылмыскерлердің дұрыс жолға түсуіне оң ықпалы бар.

- Екі сағат камерадан шығып, мешітке барасың. Жастарға пайдалы. Бұзақылығын қалдырады, - дейді Меден Есіркепов.
XS
SM
MD
LG