Accessibility links

Нотариалдық кеңселердің иелері құқықтарының бұзылып отырғанын айтады


Алматы қалалық нотариалдық палатасы мен Қазақстандағы бірқатар жекеменшік нотариалдық кеңселер өз ісіне мемлекеттік мекемелердің жиі тексеру жүргізіп, құқықтары бұзылып отырғандықтарын айтады.

Қазақстан әділет министрлігінің қызметкерлері Қазақстандағы жеке меншік нотариалдық кеңселердің ісіне негізсіз араласу деректерінің жоқ екендігін алға тартқанымен, нотариалдық қызметпен айналысатындар қарсы уәж айтып, өз ісіне үкіметтік мекемелердің араласуына шағым айтып отыр.

Алматы қалалық нотариалдық палатасының дерегі бойынша, Қазақстандағы нотариалдық кеңселердің 90 проценті жекеменшікте екен. Ал осы нотариалдық кеңселердің қызметі мен жұмысын реттейтін “Нотариаттық қызмет туралы” заң 1997 жылы қабылданған.

Алайда Алматы қалалық нотариалдық палатасының басшылығы мен Қазақстандағы бірқатар жекеменшік нотариалдық кеңселердің иелері бұл заң сол кездегі көпшілік санға ие болған мемлекеттік нотариалдық кеңселердің мүддесі тұрғысынан қабылданып, бүгінде жаппай жеке меншік иелігінде өмір сүріп отырған кеңселердің іс-әрекетін тұсап отыр деп шағымданады.

- Бұл жағдайды оңтайлы пайдалануға тырысатын мемлекеттік мекемелер әлгі жекеменшік нотариалдық кеңселердің қызметін жиі-жиі тексеруге әуес болып алған. Оның үстіне қазіргі уақыт талабы мен халықаралық заңдық құжаттарға әлгі заңның сәйкес келе бермеуі жекеменшік нотариалдық кеңселердің жұмысын көп ретте қайшылықты жағдайда қалдырып келеді, - дейді Алматы қалалық нотариалдық палатасы төрағасының орынбасары Қаракөз Қалабаева.

Ал жекеменшік нотариалдық кеңселердің ішкі ісіне араласып, жиі тексеру жүргізуді мемлекеттік мекемелердің әдетке айналдыруына қарсы жасаған шаралардан әзірше ештеңе шығар емес дейді .

Осы мәселеге байланысты Қазақстан әділет министрлігіне хабарласқан Азаттық тілшісіне заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Мадина Шариязданқызы "бұрын жекеменшік нотариалдық кеңселер бірнеше рет тексеріліп келсе, биыл жылына бір рет тексерілетіндігі жөніндегі қаулы шыққанын" айтты.

- Жалпы оларды жөн-жосықсыз тексеру дерегі жоқ, - деді министрлік өкілі.

Алайда Алматыдағы бір жекеменшік нотариалдық кеңсенің иегері Роза Бақтыбаева өздерінің күнделікті кездесіп жататын мәселелерінің күрделі екенін жеткізді.

Роза Бақтыбаева осы мәселелерді билікке орындатпақ болған әріптестері әрі Алматы қалалық нотариалдық палатасының төрағасы Мария Илиязованың жекеменшік нотариалдық кеңсесінің лицензиясынан айрылғанын жеткізді.

Алайда, әділет министрлігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Мұқышева Алматы қалалық нотариалдық палатасының төрағасы Мария Илиязованың жекеменшік нотариалдық кеңсесінің лицензиясы "заңды бұзғандықтан алынғанын", сондай-ақ жергілікті тұрғындардан да олардың атына "көптеген шағымдар түсетіндігін" жеткізді.

Ал Қазақстандағы бірқатар жекеменшік нотариалдық кеңселердің иелері өз мәселелерін қоғам назарына салу арқылы енді ел парламентіне жеткізуді көздеп отырғандарын айтады.
XS
SM
MD
LG