Accessibility links

БҰҰ-ның “Азық-түлік үшін мұнай” бағдарламасын басқарудағы шалағайлықтар анықталды


“Азық-түлік үшін мұнай” бағдарламасының орындалуын тексеру барысында Біріккен ұлттар ұйымының бұл үдерісті басқаруда тұрақты түрде шалағайлық танытқандығы байқалған.

Тәуелсіз топтың зерттеулер қорытындысына қарағанда, 1996-2003 жылдары аралығында Саддам Хусейн аталған бағдарламадан едәуір пайда түсіріп отырған екен. Ішкі тексерістер барысында мәселенің өткір түрде көтерілгеніне қарамастан БҰҰ-ның хатшылығы бұл қиын түйінді шешуге не әлі жетпеген, немесе құлықсыз болған.

АҚШ федералдық қоры, яғни Орталық банктің бұрынғы төрағасы Пол Уолкердің басқаруындағы тәуелсіз зерттеу тобы өз тексерулері жөнінде жексенбі күні арнайы хабарлама жасады. АҚШ Конгресіндегі басқа бірнеше зерттеулер “Азық түлік үшін мұнай” бағдарламасын Саддам Хусейннің теріс пайдаланғандығына БҰҰ-ның қаншалықты қатысы барлығын анықтауға көмектесеміз деп сенді. Уолкердің зерттеу тобы БҰҰ-ның аталған бағдарламаға басшылық жасағаны жайлы егжей-тегжейлі анықтамаларын осы айдың соңына қарай жариялайтын болады.

БҰҰ-ның өкілі Стефан Доджарек дүйсенбі күні арнайы мәлімдемені оқыды. "Ирақ халқына қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі өзінің басты міндетін бағдарлама орындап шықты" делінген аталған мәлімдемеде. Дегенмен БҰҰ-ның түзеуге тырысып жатқан қателіктеріне жол берілгендігі де осы мәлімдемеде айтылған.

“Теңдессіз және өте күрделі бұл бағдарламаға басшылық жасауда қателіктердің болғандығы жөнінде брифинг қағаздарынан да айқын көрініп тұр. Ол бағдарлама аса күрделі саяси жағдайда жүзеге асырылуы керек болатын”, - деді БҰҰ өкілі.

Сондай-ақ мұнайды сыртқа шығару мен сырттан азық-түлік жеткізу үдерістерін бақылау үшін жұмысқа қосылған фирмалардың нашар жұмыс істегендігін де аталған тексеріс барысы анықтап отыр. Тексеру барысында ол фирмалардың мердігерлерге, яғни келісім-шартпен жұмыс істеушілерге артығымен ақша төлегені анықталған.

Бұл зерттеу тобы, сонымен бірге, Женевада орналасқан БҰҰ өтемақы төлеу комиссиясының да төрт миллиард доллар шамасында артығымен қаржы төлегенін де анықтап отыр. Ол комиссия Ирақ мұнайынан түскен қаржының бір бөлігін Ирақтың Кувейтке басып кіруі салдарынан жапа шеккендерге өтемақы ретінде төлеуі керек болатын. Уолкер тобының мәлімдемесінде сонымен бірге, тексерулер барысында анықталған кемшіліктерді шешуде БҰҰ-ның “Азық-түлік үшін мұнай” бағдарламасын басқарушылардың не әлі жетпеген, немесе құлықсыз болғаны“ айтылған.

АҚШ-тағы қос республикашылар, атап айтқанда, сенатор Норм Колеман және Конгресс мүшесі Чрис Шейстің пікірінше, бұл тексерулер көптеген сауалдарды жауапсыз қалдырып отыр. Мысалы, жоғарыда баяндалған көзбояушылық, заңсыздықтарға жол берілуіндегі БҰҰ-ның рөлі сияқты мәселелер түсініксіз күйінде қалған. Сол топтың есептеуінше, Ирақтың бұрынғы басшысы Саддам Хусейн аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында 11 миллиард доллар шамасында пайда тапқанға ұқсайды.

Ақ үй өкілі Скот Макклейлан ол бағдарламаға байланысты Буш әкімшілігінің қызығушылығын қайталай келіп, сондай-ақ зерттеулердің толық, айқын және ашық түрде жасалуы тиіс екендігін атап көрсетті.

БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан алдағы жылы жүргізілетін реформаларды күшейту мақсатында биік лауызымды орындарда өзгерістер болатындығын өткен аптада айтқан еді.
XS
SM
MD
LG