Accessibility links

Мектеп жасындағы балалар арасында тұмау өршіп тұр


Балалар арасында тұмау ауруының өрши түсуіне байланысты Шымкент қаласындағы мектеп оқушыларының қысқы демалысы ұзартылды.

Шымкент қалалық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметіне қарағанда, желтоқсан айында тұмаумен ауырған бір-екі адам ғана тіркелсе, қаңтар айының басынан бері бұл дертті жұқтырғандар саны күрт көбейіп кеткен.

Басқарма басшысы Гауһар Әлиеваның айтуынша, тіпті күніне 500-ден астам адам көмек сұрап, жедел жәрдемге телефон шалады екен.

- Сондықтан облыстық денсаулықсақтау департаменті осы аурудың алдын алу үшін қосымша 5 жедел жәрдем автокөлігін бөліп отыр. Тіркелгендердің 80 пайызы оқушылар болғандықтан қысқы демалыс уақытын ұзартуға тура келді. 2004 жылдың желтоқсан айынан бастап тыныс органдарының вирусты инфекциясы 2 жағдайда тіркелген. Ал қазір 20 есеге артып отыр. Бұлай болмаған жағдайда біз дабыл қақпас едік, - дейді басқарма басшысы.

Астана қалалық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Жандарбек Мұхтарұлының айтуынша, Астанада аса қатты қауіп жоқ.

- Дегенмен де, басқа аймақтарда ауру көрсеткіші өсетін болса, бізге карантиндік шараларды енгізуге тура келеді. Оқушылар дүйсенбіден бастап қана сабаққа кірісті, әзірге ондай ауруға шалдыққандар көп емес, - дейді Жандарбек Мұхтарұлы.

Қазақстанның жекелеген аймақтарында «тұмаумен ауырғандар әзірге 2003 жылмен салыстырғанда 2 есе аз» делініп отыр ресми деректерде. Жамбыл облыстық санитарлық эпидемиология басқармасының маманы Нұргүл Серғазықызы «тұмау қаңтар айының орта тұсында өрши түседі» деген болжам жасап отырғандарын жеткізді.

- Сондықтан қазір аурудың алдын-алу шаралары жүргізіліп жатыр, - дейді ол.

Астана қалалық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Жандарбек Мұхтарұлы тұмаудан сақтану үшін егіліп тұрудың қажеттігін айтады.

- Егу жұмыстарын әлі де жалғастаруға болады. Өйткені, тұмау наурыз айына дейін созылуы ықтимал. Ал басқа жедел респираторлық аурулардан сақтану үшін біріншіден, суық тигізіп алмау қажет. Екіншіден, С витаминіне бай шөптердің қайнатылған тұнбасын жиі ішіп тұрған жөн. Шикі сарымсақ та адам денсаулығына пайдалы. Және үйде ауру адам болатын болса, оның басқалардан бөлек жерде емделгені дұрыс, - дейді Жандарбек Мұхтарұлы.

Денсаулық сақтау мекемелері тұмау дертінің шарықтау кезеңі қаңтардың екінші жартысынан басталатынын ескертіп отыр. Биыл тұмау және жедел вирусты респираторлық дертіне шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 30-50 пайызға дейін көбеюі мүмкін деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG