Accessibility links

Каспий жағалауы елдерінің саммиті кейінге қалдырылды


Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты жағалаудағы бес мемлекет басшыларының саммиті белгісіз мерзімге кейінге қалды.


Осы уақытқа дейін теңізді сектор бойынша бөлген Совет одағы кезінде қабылданған заң жүзеге асырылып келген. Бұл орайда Каспийдегі территория жағынан ең үлкен бөлігі Қазақстанның үлесіне тиеді. Одан соң Әзірбайжан, Түркменстан және Ресей тұр.

Ең шағын территория Иранға тиесілі. Ираннның Қазақстандағы елшісі Мортеза Саффари Каспий ресурстарын тек кондоминимум тұрғысынан, яғни тең бөліп пайдалану қажеттігін айтқан болатын. Ал, Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың онымен келіспейді.

- Теңіздің суын бөлуге болмайды. Биосфера біреу. Ал байлықты бөлу керек. Оны міне он жыл болды әлі бөле алмай келе жатыр, өйткені Иран келіспей отыр. Иран жақтағы секторда мұнай шамалы, сосын олар тең бөлуді көздеп отыр. Ал беске бөлуге болмайды, - дейді академик Надиров.

Каспий теңіз бе, әлде көл ме деген сұрақ тағы да көтерілді. Егер оның әлемдік мұхиттан бөлек екендігін ескерсек, онда Каспийді көл деп санау қажет. Бұл жағдайда, оны қоршап жатқан 5 мемлекет көл табанын сектор бойынша бөлуі жөн. Ал егер теңіз деп есептесе, онда халықаралық заңдарға сүйеніп, жағалаудағы елдерге 21 мың шақырымға жуық территория бөлініп, қалғаны бейтарап аймаққа жатқызылуы тиіс дейді заңгерлер.

Бұл орайда, Иран мен Түркменстанның позициялары ұқсас. Екі мемлекетте Каспий байлығын тең пайдалануды қолдайды. Түркменстан теңіз табанын 20 пайыздан теңдей бөлісіп алуды ұсынған болатын. Ресей мен Қазақстан Каспий табанын орта сызық бойынша бөлуге келісіп отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі болған, қазір парламенттегі халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі Равиль Шырдабаев Каспий мәртебесі бойынша Қазақстанның позициясын былайша білдірді:

- Қазақстанның көзқарасы айқын. Біріншіден, аумақтық теңіз болу керек, ені 12 теңіз милі болу керек. Біздің пікірімізді Түркменстан, Әзірбайжан қолдап отыр. Иран да жалпы келіседі, кейбір пікірлері бар. Егерде бізге тиімді ұсыныстары болса, біз бұл көзқарасымызды өзгертуіміз мүмкін.

Ресей федерациясының сыртқы істер министрінің орынбасары Виктор Калюжныйдың ойынша, теңізді бөлетін шекаралардың қажеті шамалы.

- Өйткені, оны күзету керек болады. Оның үстіне теңіздегі балық шекараның не екенін білмейді, - дейді Виктор Калюжный. Оның айтуынша, Ресей шекара позициясын ұстанып отырған жоқ.

Қазақстандық мамандардың пікірінше, Каспий жағалауындағы мемлекеттердің балық шаруашылығы саласында бірқатар ерекшеліктері бар. Экономикасында балық шаруашылығы елеулі орын алатын елдер территориалды теңіздердегі шектеулердің кесірінен тұтынушыларын қанағаттындыра алмай келеді.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, Каспий мәртебесіне байланысты мәселенің осыншама уақыт бойцы шешілмей жатқандығында басқа себеп бар:

- Бұл өңірге тек Каспий маңындағы мемлекеттер ғана емес, басқа елдерде қызығушылық білдіріп отыр. Ең біріншісі - ол АҚШ пен Еуропа елдері. Ол шешілмесе, болашақта мұнайды көп тапқан сайын, олардың арасында қарама-қайшылық арта береді де, кейін бір қақтығысқа әкелуі мүмкін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG