Accessibility links

Баспасөзге шолу. 13 қаңтар 2005 жыл.


Бейсенбілік тәуелсіз басылымдар Алматының мамандандырылған экономикалық соты шығарған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы шешіміне АҚШ елшілігі мен кейбір халықаралық ұйымдардың алаңдаушылық танытқанын жазыпты.


“Сөз” газетінің бейсенбі күнгі санында Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық сотының “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы шешім шығаруына байланысты мақалалар жарық көріпті. Газеттің бірінші бетінде жарияланған Владимир Намовирдың мақаласында Ақмола облысында аталмыш партияның мүшелерінің кім екендігін анықтау науқаны басталып кеткендігі туралы айтылыпты.

Мақалада осыған орай учаскелік полицейлердің қала тұрғындарын тексеру, олардың “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясына қаншалықты қатысы бар екендігін айқындау шараларын жүзеге асыра бастағандығы хабарланыпты. “Сөз” газетінің хабарлауынша, оппозициялық партияның Ақмола облыстық бөлімшесінің басшысы Марат Жанұзақов пен оның орынбасары Виктор Новиковтың үйлері бақылауға алынған. Қала тұрғындары Замолотов пен Нұрсейітов сынды азаматтар “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясына қатысы бар ма деген мақсатта тексерілген.

Сондай-ақ “Сөз” газетінде Қазақстандағы адам құқын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистің “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы Алматының мамандандырылған экономикалық сотының шешім шығарғандығына орай жасаған мәлімдемесі жарық көріпті. Аталмыш мәлімдемеде “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы сот шешімі Украиндағы оқиғалардан кейін шығарылып отырғандығы айтылыпты. Сондай-ақ осы мәлімдемеде мұндай шешім биліктің тапсырысымен жасалып отыр деген қорытынды жасалынып, осыған орай көптеген деректер келтіріліпті.

Ал, “Время” газеті болса Қазақстандағы оппозициялық партияның жабылып қалуына орай Америка Құрама Штаттары елшілігінің алаңдаушылық білдіргендігі мысалға келтіріпті.

“Время” газетінің хабарлауынша, Алматыдағы мамандандырылған экономикалық соттың “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы шешім шығаруына орай АҚШ елшілігі ғана алаңдаушылық білдіріп отырған жоқ. Мақала авторының айтуынша, “Хьюман райтс уотч” ұйымының Орталық Азия елдері бойынша атқарушы директорының Қазақстан президентіне жолдауында “мұндай әрекеттердің соңғы жылдары Қазақстан үкіметінің демократиялық реформаларды жүргізуге байланысты берген уәдесін түбегейлі жоққа шығаратындығы” ескертіліпті.

Сондай-ақ “Время” газеті осы мәселеге байланысты әртүрлі саяси партия өкілдерінің пікірлерін де беріпті. “Қазақстанның патриоттар партиясының” басшысы Ғани Қасымов “Время” газетіне берген сұхбатында аталмыш шешімнің биліктің тапсырысымен жасалып отырғандығының анық аңғаралып тұрғандығын тілге тиек етіпті.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың пікірінше, саяси тұрғыдан алғанда бұл үлкен ақымақшылық. Құқықтық тұрғыдан алғанда бұл оқиға Қазақстан заңнамаларының әлі пісіп-жетілмегендігін аңғартады. “Қазақстанның Азаматтық партиясының” басшысы Азат Перуашовтың айтуынша, заң орындарының “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы шешім шығаруға барлық негіздер болған.

“МК в Казахстане” басылымында жарық көрген мақалада Алматыдағы ауданаралық мамандандарылған экономикалық соттың “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының жұмысын мәжбүрлеп тоқтату туралы шешім шығарғандығына қарамастан, бұл мәселеге әлі нүкте қойылды деп қорытынды жасауға болмайтындығы ескертіліпті.

Сондай-ақ мақалада “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы жабылайын деп жатқан тұста оның басшысы Асылбек Қожахметовтың Египеттегі курортта демалып жатқандығы да айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, "партияның басына осындай үлкен қатер төнген кезде Асылбек Қожаахметовтың шет елдің курортына демалуға кетіп қалуы, оның осы мәселеге жауапсыз қарағандығын аңғартады".

“Жас Алаш” басылымы Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының мүшесі, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік силықтың иегері, әнші Мақпал Жүнісованың осы аптада туған күні болғандығын айта келіп, белгілі әншінің осыған орай мәлімдеме жасағандығына айрықша назар аударыпты.

Мақпал Жүнісованың айтуынша, былтыр наурыз айында оның жұбайы Заманбек Нұрқаділов саяси мәлімдеме жасағаннан кейін, оның әндері электрондық және басқа да түрлі эфирлерден алынып тасталынған, әншінің әндерін насихаттау тоқтатылған. Жылдағы жоспар бойынша жасалатын гастрольдік сапарлары жойылған. Облыс, аудан әкімшіліктері "сізді қабылдай алмаймыз" дейтін болған. Оның себебін олар “жоғарыдан осындай нұсқаудың түсіп жатқандығымен” түсіндіреді екен.

Дегенмен Мақпал Жүнісова қарапайым халықтың оның әндеріне деген сүйіспеншілігі суымағандығын, керісінше, арта түскендігін өткен сайлау барысында байқағандығын да тілге тиек етіпті. Осы сөздеріне дәлел ретінде Мақпал Жүнісова сайлау кезінде 42 елдімекенде болып, 10 мың шақырымдай сапар шегіп, шенеуніктердің талай бөгеттерін бұзып өтіп, әр ауылда 5 мыңнан, қалаларда, облыс орталықтарында 25-30 мыңға дейін халықпен жүздескендігін мысалға келтіріпті.
XS
SM
MD
LG