Accessibility links

Ұлттық комиссияның жұмысшы тобы алқабилер сотын енгізуді ұсынады


Қазақстан Республикасы президенті жанындағы демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысшы тобы алқабилер сотын енгізуді ұсынады.

Қазақстан Республикасы президенті жанындағы демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысшы тобы дайындаған «Алқабилер туралы» заң жобасы Қазақстанда алқабилер институтын енгізу мақсатын көздейді. Бұл туралы қаңтардың 13-і өткен жұмыс тобының отырысында айтылды.

Заң жобасын дайындаушылардың сөзіне қарағанда, алқабилер соты 6 адамнан және бір кәсіби судьядан тұрады. Судья тек модераторлық қызметті атқарады. Ал, айыптының кінәлі немесе кінәсіздігіне қатысты шешімді қабылдайтын алқабилер соты болады.

Әзірге олардың кейбір қылмыстық істерді ғана қарауы көзделіпті. Яғни бұлар - өмір бойы бас бостандығынан айыру және өлім жазасын көздейтін істер болмақ.

Жұмыс тобы дайындаған заң жобасы қаңтардың 20-ынан кейін өткізіледі деп жоспарланып отырған Қазақстан Республикасы президенті жанындағы демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралмақшы.

Ұлттық комиссияның жұмысшы тобының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, Қазақстанда алқабилер сотының қатысуымен кейбір сот істерін қарау міндеті Конституцияда жазылған, алайда, әлі күнге дейін алқабилер соты туралы заң қабылданбаған.

Мақсұт Нәрікбаев жұмысшы тобы аталған заң жобасын дайындауда англо-саксондық модельге сүйенді дейді.

Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис алқабилер соты институтының енгізілуін елдегі қылмыстық процестегі революция деп санайды.

- Бірінші рет халықаралық стандарттарға сәйкес сот билігіне жүзеге асыруға адамдар қатысу жағдайы пайда болады, адамдар сотталушының жасалған қылмысқа кінәлі немес кінәсіздігіне шешім шығаруға жауапкершілік алады, - дейді Евгений Жовтис.

Сондай-ақ Евгений Жовтис алқабилер сотына тек жұмыссыз зейнеткерлер немесе керісінше байлар болады деген күдіктер негізсіз деп отыр.

- Бұл халықтың әлеуметтік және жас шамасына қарай әртүрлі санаттарын құрайтын болады, олар жеке бөлмеде кеңесіп сотталушының мәселесін шешетін болады, - дейді адам құқын қорғаушы.

Алқабилер соты қандай өкілетті органға қарайды деген сұрақ әзірге жұмыс тобының талқысында. Мақсұт Нәрікбаев оның Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілігі комитетінің құзырында болғанын жөн көреді, ал аталған комитетті Жоғарғы соттан бөлек шығару қажет деген пікір айтады.

Ал, сот әкімшілігі комитетінің өкілі Ирак Елекеев алқабилер сотын енгізу қымбатқа түседі деп санайды. Бірақ солай істеу қажеттігін мойындайды.

- Ешбір облыстық сот алқабилер сотын енгізу талаптарына сай емес. Ғимараттарды қайта жобалау қажет. Ал, аталған заң жобасындағы барлық нормалар 1,5 миллиард теңге шығынды қажет етеді, - дейді ол.

Жұмыс тобы заң жобасында алқабилер соты облыстық сот, әскери сот және Жоғарғы сотта болуы көзделген.
XS
SM
MD
LG