Accessibility links

Баспасөзге шолу. 14 қаңтар 2005 жыл.


Жұма күні жарық көрген басылымдарда Ирактың Васит провинциясында болған жарылыстан қаза тапқан қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың денесінің Қазақстанға жеткізілгендігі туралы мақалалар жарық көріпті.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы 13 қаңтар күні Алматы облысындағы “Жетіген” әскери-әуе базасына келіп қонған әскери ұшақтың Ирактағы Васит провинциясында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Қайрат Құдабаевтың денесін жеткізгендігін айта келіп, әуежайда ұшақты Қазақстан Республикасы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев пен қаза тапқан жауынгермен қызметтес болған достарының қарсы алғандығын хабарлапты.

Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, қазақ жауынгері Қайрат Құдабаев жарылыс болған жерге жақын тұрып, өз денесімен басқа әскерилерді қорғап қалған. Сондай-ақ “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы әскери борышын өтеу барысында көрсеткен ерлігі үшін Қайрат Құдабаевтың бірінші дәрежелі “Айбын” орденіне ұсынылғандығын және Ирактағы Васит провинциясында болған жарылыста жарақат алған төрт қазақстандық жауынгердің біреуі жазылып шыққандығын атап өтіпті.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарақат алған қалған үш қазақстандық сарбаздар - аға лейтенант Еркебұлан Ембергенов, сержант Қанат Мұса және старшина Абзал Қожахметов те таяу арада жазылып шығулары тиіс.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы қаза тапқан қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың денесін әуежайда ата-анасы, туған-туысқандарының жылап қарсы алғандығын хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Ирактаың Васит провинциясындағы жарылыстың себебін коалициялық күштердің арнаулы комиссиясы тексеріп жатыр. Ал Қазақстан қорғаныс министрлігінің әкімшілігі болса бұл жарылыстың террористік акт екендігін жоққа шығаруға болмайтындығын хабарлап отыр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, оқиға болған жерден жарылысты радиолық жүйе арқылы басқаратын заттың бөлшектері табылған. Ал осы оқиғаның куәгерлері сол күні жарылыс болған маңайға жақын жерден күдікті көлікті байқаған.

“Егемен Қазақстан” басылымы марқұм Қайрат Құдабаевтың отбасына оның соғыс болып жатқан аймақта қаза тапқандығына байланысты 5 миллион 274 мың теңге көлемінде өтемақы төленетіндігін хабарлапты. Газетте жарық көрген мақалада қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың сонымен қатар марқұмның отбасына Астанадан пәтер берілетінін және офицердің мәйітін тасымалдауға, жерлеуге, қабір басына қойылатын ескерткішті дайындауға және орнатуға байланысты барлық шығындар Қазақстан қарулы күштері есебінен, Қазақстан үкіметі белгіліген мөлшерде жүзеге асатынын атап өтіпті.

Сондай-ақ мақалада Қайрат Құдабаевпен қоштасуға арналған қаралы жиынға АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Марк Аскуниноның қатысқандығы айтылыпты. Ол Иракта қазақстандық бітімгершілік күштер жасағының болуы алдағы уақытта ол мемлекетте бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауында орасан зор рөл атқаратынын атап өтіп, Америка Құрама Штаттары атынан, америка халқының атынан капитан Құдабаевтың қаза табуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтыпты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Деловая неделя” апталығы Қазақстан мемлекетінің Иракқа бітімгершілік жасақтарын жіберу арқылы өз еркімен әскери теке-тіреске килікті деген қорытынды жасапты. Мақала авторының айтуынша, Ирактағы қазақстандық жауынгерлер қандай мақсатта қызмет атқарып жатса да оларды соғысушы жақ тек қарсылыс деп санайды. Газет тілшісінің хабарлауынша, осы Ирактағы соғыстың кесірінен Ирактың жүз мыңнан астам тұрғыны қаза тапқан.

“Литер” басылымы Қайрат Құдабаевтың туған апасы Мира Мұстафинаның ағасының қаза табуына байланысты жеке тергеу жұмысын жүргізуге бел буып отырғандығын хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Қайрат Құдабаевтың апасы қорғаныс министрлігінен бірнеше сұраққа жауап беруін өтініп отыр. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта Қайрат Құдабаевтың қаза табуына байланысты ресми орындардыкінен бөлек емес үш жорамал бар.

Оның біріншісі - Ирактың Васит провинциясында болған жарылыс алдын-ала ойластырылған диверсиялық әрекет болуы ықтимал. Екіншісі - бұл жарылыс Ирактағы украин әскерлерін алып кету үшін әдейі ұйымдастырылған. Үшіншісі - жарылысқа украин мен қазақстандық әскерилердің арасында болған теке-тірес себеп болған. Қайрат Құдабаевтың апасы егер мүмкіндік туса бұл оқиғаны түбегейлі тексеру үшін Бағдатқа ұшып кетіп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуді жоспарлап отыр деп жазады газет.

“Айқын” басылымы Қазақстан қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың Қазақстан басшылығының Ирактағы бітімгершілік әскери топты қайтару мәселесін талқылап жатпағандығын мәлімдепті. Мақала авторының айтуынша, керісінше, қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Ирактағы бітімгершілерді ауыстыратын келесі әскери топтың дайын отырғандығынан хабардар етіпті.

“Караван” апталығы Иракта қаза тапқан қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың отбасына Америка Құрама Штаты үкіметі тарапынан да материалдық көмек көрсетілуі ықтимал деп хабарлапты.
XS
SM
MD
LG