Accessibility links

Азиядағы цунамиден зардап шеккендерге жәрдем беру үшін арнайы есеп-шот ашылды


Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі оңтүстік-шығыс Азияда болған цунамиден зардап шеккендерге жәрдем көрсетушілер үшін арнайы есеп-шот ашылғанын мәлімдеді.

Бұл күндері әлем елдері былтырғы жылдың соңында оңтүстік-шығыс Азия елдерінде болған цунамиден зардап шеккен елдерге көмек қолын созып, жәрдем беріп жатыр.

Табиғат апатынан зардап шеккендерге қаржылай жәрдем беруге тілек білдірген қазақстандықтар үшін Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі арнайы есеп-шот ашылғанын хабарлады.

- Ашылған есеп-шотқа кез-келген азамат теңгедей, АҚШ долларымен немесе еуромен қаржы аудара алады, - деді Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаев.

Табиғат апатына дейін Таиландқа демалуға аттанған қазақстандық туристер бүгінде елге қайтып оралды. Туристік фирмалар оңтүстік-шығыс Азия бағытындағы туристік сапарларды таяу күндері қайта жаңғыртпақ ниетте. Алайда, фирма қызметкерлерінің айтуынша, әзірге тілек білдіріп отырғандар жоқ.

Цунамиден зардап шеккендерге қолынан келгенше көмегін беруге тілек білдірген қазақстандық зейнеткерлерді сөзге тартқан едік.

- Көмектесу керек, біз - барлық зейнеткерлер бұны қолдаймыз. Аздап болса да көмек көрсете аламыз, - дейді 80 жастағы Зинаида Успленева.

- Мен де азаматтардың көмектескенін қалаймын. Көрсеткен көмегің құдайдан қайтады, - дейді зейнеткер Софья Совенок.

Тағы бір зейнеткер Алтын Мәмбетқызы: «Мұның бәрі Алланың ісі, адамзаттың басына іс түскен кезде көмектескеніміз жөн. Сондықтан, көмек қолын созғанымыз өте орынды деп есептеймін» дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай апат аймағында із-түзсіз жоғалып кеткен қазақстандық үш азаматтан әлі де ешқандай хабар болмай отырғандығын айтады.

- Қазір Алексеевтер отбасылары ғана хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Денелері, басқа заттары табылмағаннан кейін әзірге солай деп аталып отыр. Ал басқа азаматтар аман-есен табылды, - деді Мұхтар Кәрібай.

Сәуле есімді бойжеткен табиғат апатынан кейін Паттаяда дем алып қайтқан екен. Ол Паттая қаласында 7 күн, Бангкокта 3 күн болыпты.

- Бангкокте болдым, туристер өте көп, бірақ ешкім цунами, жер сілкінісі туралы ештеңе айтпайды, бұл туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Біз шамамыз келгенше дем алып қайттық, - дейді Сәуле.

Туристік фирма қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде апат аймағына туристік сапармен шығушылар саны сиреген.

- Ол жаққа таяу уақытта ұшу жоспарланып отырған жоқ. Біз желтоқсанның 29-ы мен қаңтардың 9-ы аралығында барып қайттық. Бірақ, ол Бангкок емес, Паттая қаласы. Ол табиғат апаты болған жерден өте алыста орналасқан, - дейді «Саят» фирмасының қызметкері.

«Гүлнәр-тур» фирмасының қызметкері «табиғат апатына байланысты ол аймаққа ешкім ұшып жатпағанын» айтады.

Қазақстан табиғат апатынан зардап шеккен Шри-Ланка азаматтарына гуманитарлық көмек ретінде медициналық және азық-түлік өнімдерін жіберген.
XS
SM
MD
LG