Accessibility links

«Фридом Хаус» ұйымы оппозициялық партияны жапқан Қазақстанды сынады


«Фридом Хаус» халықаралық құқық қорғау ұйымы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы сот шешіміне байланысты мәлімдеме таратты.

«Фридом Хаус» халықаралық ұйымының өкілі Антонио Станго оппозициялық партияны жабу туралы сот ісін «Қазақстанда демократияның біртіндеп дамуынан үміттенгендер үшін артқа қарай жасалған қадам» деп атады.

Қазақстан оппозициясының өкілдері бұл сот ісінің "саяси астары" бар және ол елде президент сайлауы қарсаңында "оппозиция күшін әлсіретуге бағытталған" деп есептейді.

- Мұның өзі президенттен алынып жатқан нұсқау. Билік қандай пәле жауып жатса да ешқандай лаңкестік, мемлекеттік төңкеріс жасау, экстремизм бұл партияның ниетінде жоқ, - дейді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының мүшесі, «Азат» газетінің тілшісі Қажыбай Қабыл-Фазыл.

Кейбір халықаралық сарапшылар бұл оқиғалар ел билігінің Украинадағы сайлау нәтижесінде билікке келген оппозицияның әрекеттерінен кейінгі қимылдары деген пікір білдіреді. «Фридом Хаус» халықаралық ұйымы 2004 жылы Қазақстандағы парламент сайлауының әділетсіз өткендігін көптеген бақылаушылар атап көрсеткендігін еске салды.

- Біз Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін Қазақстан үкіметін сот шешімін қайта қарастыру үрдісіне әсер етуге және партияны жоюдан басқа шараларды іздестіруге шақырамыз, - дейді «Фридом Хаус» халықаралық ұйымының өкілі Антонио Станго.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын мүшесі Қажыбай Қабыл-Фазыл оппозициялық ұйымның жабылуына халықаралық ұйымдардың алаңдап отырғанын орынды санайды.

- Бұл биліктің өзіне жасаған соққысы. Дүние жүзіндегі демократияны қолдаушы халықаралық ұйымдар, елдер дұрыс баға береді деп ойлаймын. 100 мыңнан артық мүшесі бар партия текке жабылмайды, резонанс болады, - дейді жабылған партияның мүшесі.

Қазақстан президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин "демократиялық елдерде осыған ұқсас дау-дамайлы істерді сот шешетінін" айтып, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясына қатысты сот шешімінде "партияның конституцияға қарсы әрекеттер жүргізгені туралы" айтылғанын атап көрсетеді:

- Мемлекеттің негізін шайқамау керек, сосын ұлтаралық қатынасты шиеленістіруге болмайды. Ал бұлар бағынбауға шақырады. Өз съездерінде осындай қарсы меселелерді ашық айтыпты.

Алайда «Фридом хаус» ұйымы Қазақстан билігінің оппозициялық партияны жабу туралы шығарған шешімі халықаралық қауымдастық мойындаған демократия талаптарына қайшы келетінін ескертеді.

- Біз президент Нұрсұлтан Назарбаевты үкімет жұмысын халықаралық нормаларға сәйкес келтіруге және Қазақстанда пікір білдірту еркіндігіне, қоғамдық бірлестік құқығын сыйлауға кезекті рет шақырамыз, - дейді «Фридом хаус» ұйымының өкілі Антонио Станго.

Биылғы қаңтардың 6-сы күні Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы шешім шығарған еді. Алматы прокуратурасы аталмыш партияны "конституция талаптарына қайшы іс-әрекет жасаған" деп айыптады. Бұндай айыптауға оппозициялық партия жиналысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясатқа айтылған сын негіз болды. Партия мәлімдемесінде ел үкіметі заңсыз деп танылып, Қазақстан тұрғындарының бейбіт наразылық акцияларына шығуға құқы бары айтылған.
XS
SM
MD
LG