Accessibility links

Павлодарда «Халық банкіне» қарулы шабуыл жасалып, бір адам мерт болды


Жұма күні Павлодар қаласында «Халық банкінің» бөлімшесіне қарулы шабуыл жасап, банк бөлімшесінің меңгерушісіне оқ атқан. Ол ауруханаға жетпей көз жұмды. Кассадан бір жарым миллион теңгені алып із жасырған қылмыскерлерді полиция іздестіріп жатыр.

Жұма күні жергілікті уақытпен түскі сағат 12-ден 52 минут өткенде Павлодар облыстық ішкі істер бас басқармасының кезекші бөліміне Павлодар қаласындағы Кутузов көшесі бойындағы №89 үйде орналасқан «Халық банкінің» бөлімшесіне қарулы шабуыл жасалғандығы туралы дабыл түскен. Павлодар облыстық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Нина Цистың айтуынша, шұғыл хабар алған жедел топ оқиға болған жерге дереу жеткенімен, кассаға шабуыл жасағандар 1,5 миллиондай теңгені алып, із жасырып үлгерген.

Куәгерлердің айтуынша, жүздеріне бетперде киіп, тапаншамен қаруланған екі адам банк ғимаратына басып кіріп, барлық адамдарға жерге етпетімен жатуды бұйырған, сол кезде бұйрықты орындамай орнынан тұрмақ болған банк бөлімшесінің меңгерушісін қарақшылардың бірі атып салған.

Оқ тиіп жараланған ол кейін ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Қарақшылар шабуылы кезінде банк бөлімшесі ішінде банктың 6 қызметкері және бір клиент болғаны хабарланып отыр.

Павлодар облыстық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметі жетекшісі Нина Цистің айтуынша, полиция қазір қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарын бастаған. Бұл іздестіру, тергеу жұмыстарын облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал Мұрат Томарбеков өз қолына алды деп хабарлады полиция басқармасының баспасөз қызметі.

«Халық банкінің» Павлодардағы бөлімшесінің тоналып, қарақшылардың қолынан кісі қаза болғаны туралы хабарды Алматыдағы «Халық банкінің» орталық кеңсесіндегі қауіпсіздік қызметінің өкілі Дилара Ибрагимова да растады. Ол сондай-ақ қарақшылар қолынан қапыда қаза болған азамат - 1980 жылы туған Нұржан Жаркенов екендігін айтып берді.
XS
SM
MD
LG