Accessibility links

Экономиканың шикізаттық емес саласында инвесторларға жеңілдіктер жасалмақ


Қаңтардың 18-інде Қазақстан парламентінің сенатында «Инвестиция мәселелері туралы кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Индустрия және сауда министрінің орынбасары Әсет Исекешев заң жобасында көзделген өзгерістердің бірі - 2005 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енген салық кодексіне сәйкес инвесторларды 10 жылға дейінгі мерзімге корпоративтік салықтан босату туралы норманың енгізілумен байланысты дейді. Ал, осыдан 2 жыл бұрын қабылданған «Инвестиция туралы» заңда аталған мерзім 5 жылға деп көзделіпті. Заң жобасында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін импорт тауарларға кедендік жеңілдіктер беру және басқа да мәселелер қаралған.

Заң жобасын дайындаушылардың айтуынша, көзделген өзгерістер экономиканың шикізаттық емес секторын ынталандыруға бағытталған.

Индустрия және сауда министрінің орынбасары Әсет Исекешев инвестиция мәселелері туралы кейбір заң актілеріне, сонымен бірге «Жер туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстерге де өзгерістер ұсынылып отырғанын айтады.

- Мемлекет үлкен салық жеңілдіктерін беріп отыр және біз инвестордың келісім-шарт бойынша өз міндеттерін орындауын бақылау үшін мониторинг жасаудың заңдық қағидасын енгізбекпіз, - деді Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, инвесторларға жер беру схемасы өзгертілмек. Мысалы, зауыт салу үшін бұрын жер бірден меншікке берілсе, енді инвестор өз міндеттерін орындаған жағдайда жер өтеусіз тегін беріледі. Яғни, зауыт салынған жағдайда ғана жерді ешбір шартсыз алады.

- Өйткені, кейбір инвесторлар жерді меншікке алған соң шартты орындамайды. Мәслен, зауыт салудың орнына жерді басқа мақсатқа пайдаланады. Ал, оны мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа дейін баруға тура келеді. Сондықтан осындай норма енгізу көзделді, - деді Әсет Исекешев.

Индустрия және сауда министрі орынбасарының айтуынша, екі жыл ішінде миллиард 200 миилион АҚШ долларынан аса қаржыны құрайтын 151 келісім-шарт жасалған.

- Аталған норма қабылданса, инвестор мен мемлекет арасындағы ереже мейлінше түснікті болады, - дейді вице-министр.

Инвестиция жөніндегі комитеттің төрағасы Ерлан Арыновтың айтуынша, экономиканың шикізаттық емес секторындағы инвесторлардың 95 пайызы - отандық инвесторлар. Қалған 5 пайызы шетелдік инвесторлардың қатысуындағы бірлескен кәсіпорындар.

Сенат депутаты Абылхан Машани салық кодексіне сәйкес елде өңдеу зауыттарын салатын заңды тұлғаларды корпоративтік салықтан 10 жылға босату туралы нормаға сәйкес инвестиция мәслелері туралы заң актілеріне ұсынылған өзгерістер мұнайдан басқа секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастыратынын айтады.

- Көзделген өзгерістер негізінен отандық инвесторларды қолдауға бағытталған, - деді сенатор.

Сенаттың тағы бір депутаты Бақберген Досмамбетов аталған заң аясында басқа бір құрал -жабдықтар өтіп кете ме деп күмәнданады. Абылхан Машани уәкілетті органдардың берген мәліметтеріне сілтеп, соңғы жеті жылдың ішінде Қазақстанда 400-де аса келісім-шарт жасалғанын атап өтті.

- Оның іске асқаны көп емес, - дейді Абылхан Машани.

Аталған заң жобасы сенат депутаттарының түзетулерімен жалпы отырыста қаралмақ.
XS
SM
MD
LG