Accessibility links

Қазақстанда «Мойнақ» және «Кербұлақ» электр стансалары салынбақ


Алматы облысындағы Шарын өзенінде «Мойнақ» және Қапшағай су қоймасы маңында «Кербұлақ» су электр стансасын салу жоспарланып отыр.

Үкімет отырысында су энергетикасын дамыту тұжырымдамасы талқыланған. Осы құжатта Қазақстандағы электр қуаты тапшылығын жоюдың жолдары қарастырылды. Бұл орайда, проблеманың негізгі шешімі ретінде, Алматы облысындағы Шарын өзенінде «Мойнақ» және Қапшағай маңында «Кербұлақ» су электр стансасы құрылысын салу ұсынылды.

Бұл стансалар энергетика және минералдық ресурстар министрлігі өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр қуаты тапшылығы қатты сезілетін, кешкі уақыттағы және қысқы мезгілдегі қиыншылқтарды шешуге тиіс. Энергетика және минералды ресустар министрінің орынбасары Бірлік Оразбаевтың айтуынша, жаңа станса шығынының жартысын мемлекет көтереді:

- Бізге премьер тапсырма берді, қалған 51 пайызын мемлекет алып, тезірек салайық деп. Неге десеңіз, Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарында кешкі уақытта қуат жетпей қалады.

Премьер-министр «Мойнақ» электр стансасының құрылысы биылғы жарты жылдықтың соңында басталатынын айтты. Даниял Ахметов қаржы министрілігі мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне құрылыс басталатын кезеңге дейін, қаржылық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Оның ішінде зейнетақы қорларының ресурстарын пайдалану мүмкіншіліктері де қарастырылмақ. Қазақстан премьер-министрі Даниял Ахметовтың айтуынша, станса құрылысының басты кемшіліктері олардың алғашқы кездегі орасан шығынында жатыр.

Энергетика және минералды ресустар министрінің орынбасары Бірлік Оразбаевтың айтуынша, республикада осы күнде жиынтық қуаттылығы 18 мың МВт-тан асатын 57 электр стансасы бар. Вице-министр атап өткендей, соңғы жылдары электр энергиясын тұтыну мөлшері біртіндеп артып отырғанына орай, мемлекетті электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі Қазақстандағы энергия өндіру көздерін дамыту арқылы шешілмек.

Сұраныс бұлайша өсе берсе, Қазақстанның стансалары жетпей қалады деген пікір бар. Энергетика және минералды ресустар министрінің орынбасары Бірлік Оразбаевтың айтуынша, жаңа стансалар салынған соң қуат бағасы да арзандауға тиіс:

- Арзан болады, бір теңге бес тиын. Ол 3 жыл салынады. Бағасы 200 миллион доллар. Өндіру 300 МегаВатт.

Қазақстанда электр қуатын тұтыну мөлшері жыл сайын ұлғайып келеді. Әзірге Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарына электр қуаты толық жетпей тұр. Осы дефицитті жою үшін, солтүстіктен оңтүстікке электр қуатын тасымалдайтын ұзындығы мың жарым шақырымдық желі салу жоспарланған.

Республикадағы электр қуаты өндірілетін кәсіпорындардың батыс Қазақстанның электр стансаларымен байланысы жоқ болатын, соның кесірінен бұл облыс электр қуатын Ресейден сатып алуға мәжбүр болған. Қазақстан премьер-министрі Даниял Ахметовтың айтуынша, әзірге Қазақстан қуат тапшылығын Қырғызстандағы және Тәжікстандағы стансалардан толтыруы ықтимал.

Су энергетикасын дамыту тұжырымдамасының авторлары стансаларды 3 жылда, яғни, 2008 жылға дейін салып бітеміз, деп отыр. Ал, премьер-министр олар 2010 жылға дейін салынады деген пікірін білдіртті. Осылайша тұжырымдама жалпы алғанда мақұлданып, 2015-2030 жылдарға дейін 20-ға жуық орташа электр стансаларын салу жоспарланған деген мәлімет таратылды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG