Accessibility links

Сұлтанәлі Балғабай: «Ресейдегі қазақ диаспорасының 90 пайызы қазақша білім ала алмай отыр»


Қазақстан президенті Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті. Оған Ресейдің әр аймағында мекендейтін 12 қазақ азаматы қатысты.

Кездесуге қатысушылар өздері мекендеген өңірлердегі ұлттық мектептер ашу жайын, оқулықтар мен дидактикалық құралдар жетіспейтіндігін, Ресейде Қазақстан жылы өткенімен Мәскеуде қазақ ұлтының белгілі тұлғаларына ескерткіш қойылмағандығын, көше аты берілмегендігін айтып отыр.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабайдың айтуынша, бүгінгі күні Ресейде бір жарым миллионға жуық қазақтар тұрып жатыр. Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев болса, кез-келген мемлекеттің басшылығы өз отанына шетелде жүрген қандастарын тезірек көшіріп алуды көздейді.

«2015 жылға дейін Қазақстан тұрғындары санын 20 миллионға жеткізуді көздеп отырмыз», - дейді Жазбек Әбдиев.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабай Ресейдегі қазақтар диаспорасының теледидар, газет, журнал, радио жаңалықтарын қазақ тілінде көріп, оқи алмай отырғандығына қынжылыс білдіреді.

Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-кон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев «көршілес облыстардан көшіп келемін деушілерге көп қиындық жоқ» дейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабай Ресейдегі қазақтардың көшіп келуге ынта білдіріп отырмағанын, соған байланысты оларға сол тұрғылықты жерлерінде мектептер ашып берудің, оқу құралдарымен қамтудың қажеттігін айтады.

- Ресейдегі қазақтардың отанына көшкісі келмеуінің бір сыры - Қазақстандағы көші-қонға қатысты заң актілерінің әлі кемшін тұстары көптігінен болып отыр. Бірқатар кемшіліктерді жаңа жыл қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев «Көші-қон туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қалпына келтірді, - деді Жазбек Әбдиев.

Қазақстан президентімен Мәскеудегі кездесуінде Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтан өздері орналасқан аймақтардан мектеп ашылуын, теле-радио хабарлары таралып, ұлт тіліндегі газет-журнал тұрақты жеткізілуіне жәрдемдесуін сұраған. Екі ел арасындағы барыс-келісте жеңілдіктер болуы қажет деген тілектерін жеткізген көрінеді.
XS
SM
MD
LG