Accessibility links

Баспасөзге шолу. 18 қаңтар 2005 жыл.


Сейсенбілік газеттер өткен аптада қазақ-өзбек шекарасында болған қақтығыс салдарынан бір өзбек азаматының қаза тауып, тағы бір өзбек азаматының жараланғандығы туралы жазған. Кейбір сарапшылар бұл оқиға екі ел арасындағы жағдайдың ушығуына түрткі болуы мүмкін деген жорамал жасапты.

“Айқын” газетінің хабарлауынша өткен аптаның соңында қазақ-өзбек шекарасында болған қақтығыстың салдарынан бір өзбек азаматының қаза тауып, тағы бір өзбек азаматының жаралануына байланысты жүргізілген тексеру мәліметтері Қазақстан шекарашыларының әрекетінің толықтай заңға сәйкес екендігін әйгілеп отыр. Газет тілшісінің айтуынша, бұл келеңсіздіктің ушығуы өзбекстандық азаматтардың қоқан-лоққы көрсетіп, шекарашыларға шабуыл жасауынан басталған.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, шекара қызметкерлері белгіленген құқықтарға сәйкес аспанға ескерту оғын атқанымен, өзбек азаматтары оған еш міз бақпай, тас, таяқ лақтырып, шекарашылар жасағына ұмтылып, қаруларын тартып алуға ниеттенген. Қару-жарақтан айырылып қалған жағдайда қауіп-қатердің төнетіндігін түсінген шекарашы олардың аяғының астынан оқ атуға мәжбүр болған. Сол жерде жарақат алған өзбекстандық Мұхамедов деген азамат қайтыс болып, аяғынан жарақат алған тағы бір өзбек жігіті Қадыров Сарыағаш қаласының ауруханасына жеткізілген.

“Казахстанская правда” газетінің сейсенбі күнгі санында жарық көрген ақпараттар ағымында “қазақ-өзбек” шекарасында бұл орын алған оқиғаға байланысты тергеу орындарының қылмыстық іс қозғағандығы туралы айтылыпты. Сондай-ақ аталмыш басылым екі елдің шекара қызметкерлері өкілдерінің кездескендігін және осы оқиғаға орай өзбек жағына екі жақты тұрғыдан тергеу жұмысын жүргізуге ұсыныс жасалған мәлімдеменің берілгендігі туралы дерек келтіріпті.

“Экспресс К” газеті болса дәрігерлердің жарақат алған өзбек азаматының бүгінгі күндегі жағдайының ауыр екендігін мәлімдеп отырғандығын хабарлапты. Сондай-ақ “Экспресс К” басылымы бұл істі тексеруді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бақылауға алғандығын да тілге тиек етіпті.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында бірнеше өзбекстандық азаматтың шекараны бұзуға әрекет жасағандығы айтылыпты. Алдын-ала алынған мәліметтерге сүйенсек, шекараны бұзуға әрекет жасаған өзбекстандық азаматтар киім-кешек сататын саулагерлер болып шыққан. Тұтқынға алынған өзбекстандық азаматтарға Қазақстан республикасы заңының бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. Ол – шекараны бұзу, қару-жарақты тартып алуға әрекет жасау және денеге зақым келтіру. Егер олардың жазықты екенді дәлелденсе, тұтқынға алынған өзбекстандық азаматтар он жылға шейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

“Егемен Қазақстан” басылымы болса 15 қаңтар күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы резиденциясында Қазақстан республикасының Өзбекстан еліндегі төтенше және өкілетті елшісі Тілеухан Қабдырахмановты қабылдағандығын хабарлапты. Әңгіме барысында қаңтардың 14 күні Өзбекстан шекарасында болған кикілжің де талқыланыпты.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы болса президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елші Тілеухан Қабдырахмановты қабылдау барысында терроризм және діни экстремизм мәселесіне айрықша тоқталып, Қазақстан мемлекетінің өз тарапынан мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бар күшін салатындығын мәлімдегендігіне айрықша назар аударыпты.

Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай мағынадағы мәлімдеме жасауына Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың ресейлік “Независимая газета” басылымына берген сұхбаты мұрындық болуы мүмкін. Газет тілшісінің хабарлауынша, ресейлік басылға берген сүхбатында Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов өзімен көршілес отырған Қазақстан және Қырғыстан мемлекеттеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысының Өзбекстан мемлекетінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғандығын мәлімдепті.

Сондай-ақ Ислам Кәрімов ресейлік “Независимая газета” басылымына берген сұхбатында 2004 жылғы террористік актілердің ұйымдастырған азаматтардың арасында үш қазақстандықтың болғандығын да атап өтіпті. Осыған орай мақала авторы 14 қаңтар күні қазақ-өзбек шекарасында болған оқиғалар екі елдің арасындағы жағдайдың ушығып, теке-тіреске әкеліп соқтыруы мүмкін деген жорамал жасапты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Литер” басылымы болса шекарадағы “Оңтүстік” аймақтық басқармасының бастығы полковник Марат Мәжитовтың бұл оқиғаға ешқандай да саяси астар берудің қажеті жоқ деп мәлімдегендігін мысалға келтіріпті. Полковник Марат Мәжитовтың айтуынша, соңғы екі аптаның ішінде ғана шекараны бұзып өтуге әрекет жасаған 380 азамат ұсталған.
XS
SM
MD
LG