Accessibility links

Депутат Шаханов дін туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынады


Парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынады. Адам құқығын қорғаушылар қай дінді таңдау немесе таңдамау - әр адамның өз құқығы екенін алға тартады.

Қазақстан республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов 1992 жылы Қазақстан парламенті қабылдаған «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізу керек деп есептейді. Депутат "асығыс қабылданған заңның республиканың рухани өміріне тигізген зияны аз емес" деген уәж айтады.

Мұхтар Шаханов қазір республика халқының 11 пайызы "басқа дінге өтіп кеткен" деген деректі мысалға келтіреді.

- Бұдан он екі жыл бұрын қабылданған «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға миссионерлік қызмет туралы бап енгізілгеннен кейін Қазақстанда шетелдік миссионерлер қаптап кетті, - дейді Мұхтар Шаханов.

Депутат Амангелді Айталының айтуынша, аталған проблема өз шешімін таппай отыр.

Қарағанды қаласынан Астанаға келіп жұміс істеп жүрген Айсұлу есімді қыз туған әпкесінің басқа дінге өтіп кеткеніне қарап "өзінің жаны ауыратынын" айтады. Ал, Вера есімді Астана тұрғыны адамдардың қандай дінді ұстануды өз қалауымен таңдағанын дұрыс санайды.

- Бұл әр адамның өз құқығы, - дейді Вера.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис әлемде ондаған дін барын және кез-келгенін таңдау әр адамның өз еркі деген қағиданы еске салады. Алматы қаласындағы Хельсински комитетінің төрайымы Нинель Фокина: "депутат Шаханов ешқандай жаңа нәрсені айтып отырған жоқ. Ол осыдан екі жыл бұрын Конституциялық кеңес жапқан мәселені көтеріп отыр" деген пікірді айтады.
XS
SM
MD
LG