Accessibility links

Қазақстанда Құрбан-айт мейрамы басталды


Қаңтардың 20-сы күні исламның ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамы басталды. Қазақтар ертеден келе жатқан діни салт-дәстүрге сай, Аллаға құрбандық шалып, қатым түсірді.

Исламның ұлық мейрамы күні шамасы жеткен әр мұсылман баласы құрбандыққа мал шалып, оның етінің 3-тен 2-сін жетім-жесірге таратып беруі тиіс. Алматы тұрғындары Құрбан айт мерекесіне орай биыл қаладағы мал базарларында құрбандыққа шалынатын қой-ешкі, ірі қара малдың бағасы едәуір қымбаттап кеткенін айтып отыр. Сондай-ақ Қазақстан азаматтары құрбан-айт күндері ресми түрде мейрам болып бекітілсе деген тілек білдіреді.

Бейсенбі, қаңтардың 20-сы күні Алматы қаласының шет жағында орналасқан мал базарларының біріндегі сауда таң азаннан, айт намазы оқылысымен қыза түскендей:

- Міне, аға, әрқайсысы 14 мың теңгеден. Ішінен таңдап алыңыз. Жасы 2-ден енді асқан. Міне, қарасаңызшы, қос тіс енді ғана шығып келе жатыр. Бұларды ана жақта 25 мың теңге деп тұр. Біз өзіміздің мал болған соң 20500 теңгеден беріп жатырмыз. Құйрықтарын қараңыз, міне, қап-қатты. Жем жеген мал ғой. Алыңыз аға осыны!

Қой саудасын кәсіп қылғанына бірнеше жылдың жүзі болғанын айтқан Жақсыбай Келгенбаев есімді азамат Құрбан айт мерекесі тұсындағы мал бағасына былайша тоқталып өтті:

- 2 жастағы қойлар 14-15-16 мың теңге шамасында. Тоқтылар 8 мыңнан. Әне, анау тұрған 3 жыл байланған 3-4 жастағы үлкен қойлар бар. Олар 20 мың теңгеден. Ал, ең семіздеріне 30 мың деп сұрап тұрмыз. Келісіп, 25 мыңнан береміз. Бүгін жақсы өтіп жатыр. Таң атқалы 15 шақты қой саттым. Өзім Семей жақтан осы Құрбан айт қарсаңында 80 қой алып келгенмін. Сол жақтағы ел де ақша тапсын деп сатып әкелдім. Ол жақтан 9-10 мыңнан алғанымды бұл жерде 14-15 мың теңгеден сатып тұрмын. Бүгін 14-15 мың теңгеге өтіп жатқандар жай күндері 10-11 мың теңгеден артыққа өтпеуші еді. Ал мына 20 мың теңгеге сатылып кетіп жатқандарды ары кетсе 15-16 мыңға саудалар едім. Ал 25 мың деп тұрғандарым 17-18 мыңнан сатылар еді. Не керек, бүгін өте жоғары ғой баға.

Құрбан айт күндері мал базарының қасынан мал сойып, жұртқа қызмет көрсететін арнайы орын да ашылыпты. 64 жастағы Ермұхамбет Құрсабаев қария құрбандыққа шалынатын малдарға құран оқып, жұрттың сауабын алып жүр екен:

- Алла тағала осы кісілердің өздері үшін беріп жатқан құрбандық малды қабыл алып, өздерінің тілеген тілектеріне жеткізе гөр. Әумин!

Сондай-ақ Ермұхамбет ақсақал жиылған қауымға құрбан шалудың шарттарын да айтып өтті:

- 1 үйге 1 қой. Ал, егер де қосылатын болса, тек ірі малға қосылу керек. 7 кісі не сиырға, не түйеге деп айтылады.

Қадіркүл Құрманбаева құрбандық шалуға бала-шағасымен келіпті. Ол базардағы мал бағасының қымбаттап кеткеніне қынжылыс білдірді:

- Алланың ризашылығы үшін, бала-шағамыздың отбасы аман болсын деп жыл сайын құрбан шаламыз. Алла әрқашан тек жақсылығымен жарылқасын. Елді мұсылманшылыққа келтіре берсін. Семіз, жақсы қой алдым. Қазір міне соны бала-шағамызбен сойғызып жатырмыз. Балаларымның барлығы осы жерде жүр. Жұмыстан босатпайды. Ең құрымаса 1 күн демалыс беруге болады ғой. Мынау балам қаржы полициясында жұмыс істейді. Міне, қазір қызметіне кетуге асығып тұр.

Құрбан айт күндерін ресми мерекелер санатына қосу туралы мәселені екінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттары да көтерген болатын. Сол шақырылымда депутат болған Жазбек Әбдиев ол ұсыныстың неге жүзеге асырылмай қалғанына былай түсінік берді:

- Менің ойымша, ол ұсыныс қабылданғанда дұрыс болар еді. Адам баласы діни, рухани міндеттерін атқару үшін бос күн керек. Бірақ, бұл жерде тағы бір мәселені ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Біздің еліміз полиэтникалық мемлекет болғандықтан, олай етсек ертең басқа дін өкілдері де «бізге де демалыс беріңіздер» деп шығады улап-шулап. Жалпы, Қазақстан моноэтникалық мемлекет болса, бір жөн. Тек қана 1-ақ дін, 2-ақ дін болса, бір жөн. Қазір бізде қаптап, өніп-өсіп жатқан діндер көп. Ол ұсыныстың қабылданбай қалуы осыған байланысты. Өзіміз әу баста Конституцияда Қазақстанда негізінен ислам дінін, немесе христиан дінін ұстанған халық мекендейді деп көрсеткен жоқпыз.

Құрбандық шалу рәсімінің тарихы сонау Ибраһим пайғамбардың дәуірінен бастау алады. Тұңғышы Ысмайыл 7 жасқа толған кезде, Ибраһим түс көрген екен. Түсінде оған Алла тағала ұлын құрбандыққа шалуды бұйырады. Алла тағаланың аянына мойынсұнған пайғамбар ұлын құрбандыққа шалайын десе, өткір қайралған пышақ Ысмайылдың мойнынан қанша осса да, өтпей қалыпты. Алла құлының өзіне адал екендігіне толық көз жеткізгеннен кейін, Адам атаның малшы ұлы Әбілдің отарынан 1 қошқарды таңдап алып, періште арқылы оны Ибраһим пайғамбарға жеткізеді. Осылайша, Ысмайылдың орнына көктен түскен көк қошқар құрбандыққа шалыныпты. Шариғат бойынша, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе түліктері ғана шалынады.
XS
SM
MD
LG