Accessibility links

Мамандар тұмаудың шарықтау шегі алда екендігін ескертеді


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін елде жедел респираторлық дертпен ауырғандар 489 мың, ал тұмауға шалдыққандар саны 1800-ге жеткен.

Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы жылы тұмауға қарсы егу жұмыстары 25 пайызға артық орындалған.

- Соның арқасы болуы керек, биыл жедел вирусты респираторлық аурулар мен тұмауға шалдыққандар көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда төмен, - дейді министр.

Мәліметтерге қарағанда, Қызылорда қаласында науқастар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда өскен. Қалалық «Жедел жәрдем» станциясы бастығының орынбасары Сәуле Төлекқызының айтуынша, жыл басынан бері қала тұрғындарынан күніне 500-ге дейін шақырту түскен кездер болған.

- Бұл Қызылорда үшін өте көп. Қазіргі кезде аздап түскен тәрізді, дегенмен де шақыртулар бар, - дейді Сәуле Төлекқызы.

Қалалық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық басқарманың бастығы Амангелді Әбдібаевтың айтуынша, бүгінде алдын-алу шаралары негізінде қала мекемелерінің біразына карантиндік шара енгізілген.

- Біз қазір облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұйрығы бойынша емдеу мекемелеріне, аурухана, емхана, балалар үйлеріне карантин жариялап отырмыз. Бұл профилактикалық жұмыстар есебінде жүргізіліп отыр, - дейді Амангелді Әбдібаев.

Оның айтуынша, тұмаудың шарықтау шегі әлі алда. Ал Шығыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Тоқтасын Ерубаев ауырғандар саны аз болғанымен Күршім ауданындағы 2 мектепте карантин жариялауға тура келгенін хабарлады.

- Басқа жерлердің барлығында жағдай тұрақты, 163 қана тұмау тіркелді. Олардың ауруханада емделуіне толықтай мүмкіншіліктер қарастырылған. Жалпы осы аптада тұрақтылық байқалып отыр, - деді ол.

Қазіргі кезде Астанада 20-25 градустың шамасында аяз болып тұр. Осыған байланысты тұмау ауруының деңгейі де төмендеп отыр дейді Астана қалалық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының бірінші орынбасары Жандарбек Бекшин. Оның айтуынша, аяздың тұмау ауруын қоздырмауға пайдасы мол.

Мамандардың айтуларына қарағанда, тұмау наурыз айына дейін созылады. Сондықтан, кез-келген адам аурудың алдын алып, құрамында С витамині бар тағамдарды көбірек пайдаланғандары жөн.
XS
SM
MD
LG