Accessibility links

Ирақта қаза болған Қайрат Құдабаевтың отбасына пәтер мен ақшалай жәрдем беріледі


Қорғаныс министрлігі Ирақта қаза тапқан Қайрат Құдабаевтың отбасына пәтер және 5 миллион теңге берілетінін мәлімдеді. Ал марқұмның туыстары ол ақша жауынгердің артында қалған балаларын оқытып, аяғынан тұрғызуға жеткіліксіз екенін айтады.

Қаңтардың 9-да Ирақта қаза тапқан қазақстандық жауынгер Қайрат Құдабаевтың туған апасы Мира Мустафина бауырының өлімі туралы толық ақпарат әлі айтылған жоқ.

- Егерде қорғаныс министрі баспасөз мәжілісін өткізіп, журналистерді қазақстандық жауынгерлердің қызметімен Ираққа жіберіп таныстырса, көптеген сауалдарға жауап алуға болар еді. Сондықтан, «Рейтер», «Еуроньюс» пен «РИА Новости» ақпарат агенттіктерінің қолғабысымен журналистік зерттеу жүргізуге мәжбүр болып отырмын, - дейді Мира Мустафина.

Бұған дейін Қазақстан қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгершілік батальонындағы ("Қазбат") дербес инженерлік-саперлар отрядының жауынгері 29 жастағы капитан Қайрат Құдабаевтың жарылғыш заттарды түсіру барысында қаза болғаны туралы хабарлаған. Мира Мустафинаның айтуынша, ол бауырының қазасына Мәскеуден арнайы келгенде министрлік қызметкерлері оған көңіл айтып, сұрақ қоймақшы болған журналистерді кіргізбей, олардың диктофондарын тартып алған.

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты, совет әскері қатарында Ауғанстан соғысына қатысқан Хамит Әмірқожин "Қазбаттың" Ирактағы бітімгершілік миссиясы жалпы орынды болғанымен, жауынгерлердің мәртебесінің анықталмауы үлкен олқылық деген баға береді.

- Мен өзім Ауғанстандағы соғысқа қатысқам. Бір жағынан олар үйренеді, сол қиын жағдайда. Бірақ, бір жағы ол жігіттерде статустары жоқ, - дейді Хамит Әмірқожин.

Ауғаныстандағы соғысқа қатысқан қазақстандықтардың пікірінше, Ирақтағы бітімгершілік батальоны үшін ешбір әлеуметтік кепілдіктер ескерілмеген. Сол соғыстың ардагері, қазір Ирақта жүрген қазақстандық сарбаздар сияқты, кезінде жарылғыш заттарды залалсыздандырған Қасен Исатаевтың ойынша, қазақстандық жауынгерлер үшін қауіп жоқ деген сөз шындыққа сәйкеспейді.

- Ешкім үстемақы төлемейді. Мен 2 жыл Ауғанстанда болдым, саперлік ротада. Әр адымың қауіп-қатерге толы, сенен бірдеңе қала ма, қалмай ма - белгісіз, - дейді ол.

Әзірге, әскери мекеме тарапынан жауынгер Қайрат Құдабаев Иракта әскери мақсаттағы сапары барысында немесе арнайы әскери операция кезінде қаза болды деген анықтама берілмегенін айтады марқұмның апасы Мира Мустафина. Оның бауырының отбасына берілген өтемақы мөлшері әскерилердің әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң негізінде есептелген.

- Ал, әскери операциялар жүргізіліп жатқан жерде қаза болған жауынгерлерге арнайы заң атымен жоқ, - дейді Мира Мустафина.

Бұған дейін Қазақстан қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Ирақта қаза тапқан Қайрат Құдабаевтың отбасы алдағы 20 жылға қаржымен қамтамасыз етілді деп мәлімдеген болатын. Алайда жауынгердің апасы Мира Мустафина марқұмның балаларын оқытып, аяғынан тұрғызып асырауға бұл қаржының жеткіліксіз екенін айтады.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Ирақта қаза болған бірінші жауынгердің отбасына Алматыдан пәтер және 5 миллион теңге беріледі деп мәлімдеген еді. Қазақстан заңдары бойынша, асырушысын жоғалтқан отбасына қаза болған адамның соңғы қызметіндегі еңбекақысының 60-қа көбейтілген сомасы беріледі. Бұл қаржыны Қайраттың зайыбы жарты жылдан соң алады. Заң бойынша, бұл мерзім ішінде қаржы нотариалдық кеңседе рәсімделуге тиіс.

Ал, жоғарыдағы айтылған жайттарға байланысты қорғаныс министрінің баспасөз қызметкері Әбіш Смайыл тек ауызша ақпарат беруге құқылы екендігін айтты. Оның сөзінше, жуырда қаза болған жігіттің отбасына Алматыдан пәтер беріледі. Әлбетте, оған құжат жинауға тура келеді. Бірақ пәтер де, өтемақы мөлшері де - барлығы заң негізінде беріледі, деп жауап берді министрлік өкілі.
XS
SM
MD
LG