Accessibility links

Баспасөзге шолу. 22 қаңтар 2005 жыл.


Мерзімді басылымдардың бетінде Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешім шығарғандығына байланысты талдау жасаған мақалалар жарық көріпті.

“Республика” басылымында жарық көрген мақаласында Мұхаметжан Әділов Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешім шығаруына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысы болды деген қорытынды жасапты. Осыған орай мақала авторы Қазақстан президенті әкімшілігінен алынған бейресми ақпарат бұлақтарынан алынған мәліметтерді және мемлекет басшысына мұндай тапсырма бергізуге оның күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен үлкен қызы Дариға Назарбаеваның ықпалы болды деген деректерді мысалға келтіріпті.

Мақала авторының айтуынша, президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен қызы Дариға Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа келешекте “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” билікке қатер төндіретіндігін айтып, оны тезірек жаптыртуға ақыл-кеңес берген. Мұхаметжан Әділовтың пайымдауынша, "егер де келешекте демократиялық оппозиция мыңдаған адамдарды алаңға алып шықса, билік ендігі уақытта саясатты қалай жасау керектігі туралы ойлана бастайды, егер ондай оқиға болмаса Нұрсұлтан Назарбаев оппозицияны басып-жаншуды одан әрі жалғастыра береді".

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, енді президенттің қарамағындағылар “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов пен экс-депутат Төлен Тоқтасыновқа қарсы шаралар қолданып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғауға кіріседі.

Сондай-ақ “Республика” басылымында Еуропа парламентінің мүшесі Анна Потиганың “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы Алматы мамандандарылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне орай Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған үндеуі жарық көріпті. Анна Потига өз үндеуінде “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешімнің халықаралық қауымдастықтың да алаңдаушылығын туғызып отырғандығын жеткізіпті.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығы осы қатаң шаралардың бәріне де ресми билік Украинадағы оқиғалардан кейін баруға мәжбүр болып отыр деген қорытынды жасапты. Бұл туралы көлемді мақала жазған Жұмаш Кенебай осы сөздеріне дәлел ретінде биліктің белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың үстінен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің қылмыстық іс қозғағандығын, халықаралық “Сорос” қоры мен “Сөз”, “Қазақстан”, “Республика” газеттерінің қудалуға ұшырай бастағандығын атап өтіпті.

Сондай-ақ журналист Жұмаш Кенебай бұл сот процесінің қалай өткендігін де тілге тиек етіпті. Сот ешбір үзіліссіз алты сағатқа созылыпты. Осы алты сағат бойы әңгіме аталмыш партияның басшысы Асылбек Қожахметовтың қалай ауырып қалғаны, кімге қаралғаны, ем қабылдауға шет елге қалай кеткені, оны растайтын қандай құжаттардың барлығы, олардың көшірмелерінің сотқа тапсырылуы, осы іске қатысты куәлардың жауаптары төңірегінде өрбіген.

Ал, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” басшысы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, оппозициялық партияның мүшелеріне де қысым жасалынып жатқан көрінеді. Оның айтуына қарағанда, облыстарда учаскелік полицейлер үйді-үйлерді аралап, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясына” қатысы бар адамдардың үстінен тергеу жүргізіпті. Олардан бұл партияға не себептен кіргендігіне, қандай үгіт айтып жүргендігіне және олардың не себептен Қазақстан президентін қолдамайтындықтарына қатысты жауап алынған.

“Сөз” басылымында адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының “Қазақстанның демокартиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешім шығарғандығына орай жасаған мәлімдемесі жарық көріпті. Аталмыш мәлімдемеде “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын жабу” туралы шешімнің артында биліктің саяси тапсырысы тұрғандығы айтылыпты. Мәлімдемеде алғашқы кезден-ақ қалыптасқан жүйенің партияны жабу туралы мақсатының болғандығы туралы мысалдар келтіріліпті. “Панорама” апталығы да адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің соттың шешімін заңсыз деп мәлімдегендігін хабарлапты.

Жаңадан жарық көре бастаған “Central Asia Monitor” басылымында Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың бұл мәселеге байланысты берген түсініктемесі жарық көріпті. Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” әлі толық жабылған жоқ. Сол себептен де бұл партияның өкілдері әлі де қалалық, облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым бере алады. Сондай-ақ Ермұхамет Ертісбаев партия өкілдерінің халықаралық жақсы адвокаттарды жалдап, Қазақстан заңдарының бұзылмағандығын дәлелдей алатындықтарын да тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG