Accessibility links

Алматыда «Баянауыл» базарындағы саудагерлер наразылық танытты


Қаңтардың 25-і таңертең Алматыдағы «Баянауыл» автокөлік базарының сатушылары Райымбек көшесінің жолын бөгеп, базардың жабылуына қарсылықтарын танытты. Саудагерлер өздерін Қаскелеңдегі жаңа базарға көшуге мәжбүр етуге мүдделі біреулер базарды қолдан жабуға тырысып жатыр деп санайды.

Алматыдағы автокөлік сататын «Баянауыл» атты үлкен базарында жұмыс істейтін жүздеген саудагер қаңтардың 25-і күні наразылық жиынына шықты. Олар базарда жұмыс орындарының жабылуына наразылық білдірді. 15 мыңға жуық адам жұмыс істейтін «Баянауыл» базарының жабылу себебін Алматы қалалық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің қызметкерлері базар территориясындағы жағдайдың тазалық талаптарына сай болмауына байланысты деп түсіндіреді.

Олар базар территориясында орналасқан 20 асхананың 4-уі антисанитарлық жағдайда деп отыр. Алайда «Баянауыл» базарындағы саудагерлер "бұл мүдделі әлдекімдердің осы автокөлік базарын қаладан 30 шақырым жерде орналасқан Қаскелең елді мекеніндегі базарға көшірудің амалы" дейді.

Ал күніне тапқан азын-аулақ ақшаға бала-шағасын асырап отырған саудагерлер өздері үшін Қаскелеңге қатынап жұмыс істеу мүлде тиімсіз екендігін айтады. Азаттық тілшісі осы мәселенің мән-жайын «Баянауыл» базары әкімшілігінің өкілі Абай Қорғанбековтен сұраған еді. Ол базардың жабылуының басты себебі – әлгі 4 асхананың тазалық жағдайына қатысты деп жауап берді. Ол қазірде Қаскелеңде орналасқан жаңа базардың қызметкерлері наразылық танытқан саудагерлерді өздеріне жұмысқа шақырып жатқандығы туралы хабарлады.

Ал «Баянауыл» базарының бас директоры Жеңіс Қияқбаев болса, базар маңындағы қоқыс күнделікті жиналып отыратындығына журналистерді сендіруге тырысты. Өзін «Барыс 3» базарының әкімшілігіненмін деп таныстырған Алмас Серіков есімді азамат автокөлік сатумен айналысатын базар қаланың шетінде орналасуы керек деген пікірін жеткізді.

Бірақ базарда наразылық білдіріп отырған жұртшылық осының барлығы алдын ала ойластырылып қойған жағдай деген сенімде. Қаңтардың 25-і күні таңертеңгісін басталған жиынға түскі сағат бірдің кезінде Алматы қаласының Әуезов ауданының әкімі Владимир Устюгов келген соң, базардың құлпы алынып, саудагерлерге өз жұмысын жалғастыруына рұқсат берілді.
XS
SM
MD
LG