Accessibility links

Қазақстан шетелден 15 мың қазақ отбасын көшіріп әкелмек


Қазақстан биыл шетелден 15 мың қазақ отбасын көшіріп әкелуді жоспарлап отыр. Бірақ атажұртқа квотасыз көшіп келетін оралмандар саны бұдан екі-үш есе көп болады дейді мамандар.

Алматыда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ұйымдастыруымен «Көші-қон және оның экономикалық, экологиялық сипаттағы себептері» тақырыбына арналған халықаралық екі күндік жиын сейсенбі күні өз жұмысын аяқтады. Оған қатысқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше отыз шақты елдің және БҰҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы, Халықаралық қызыл жарты ай секілді бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері екі күні бойы осы көші-қон мәселесіне қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Михайл Чанц Қазақстанда көші-қон мәселесінде екі түрлі проблеманың барлығын атады. Оның айтуынша, бірінші проблема шетелден атажұртына оралғандарға қатысты. Қазақстан үкіметі шетелдегі қазақтар үшін жыл сайын белгілейтін квотаны кімдерге беру керек, кімдерге бұл квота берілмеуі керек - осы жөніндегі өзінің нақты ереже шартын әлі күнге дейін дайындаған жоқ.

Ал екінші проблема - 1990 жылдардың басында Қазақстаннан экономикалық себептермен шетелдерге көшіп кеткен азаматтарға қатысты болып отыр. Сол жылдары ұлты неміс, орыс, украин тәрізді 2 милионнан астам адам Қазақстаннан қоныс аударды. Енді соңғы жылдары Қазақстанда экономикалық жағдай жақсара бастап еді, олардың кейбірі Қазақстанға қайтадан қоныс аудара бастаған.

- Алайда Қазақстанда осы азаматтарды қабылдап алатын дайын заң жоқ болып отыр, - дейді Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің бастығы Михайл Чанц.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, биылғы жылы шетелден 15 мың қазақ отбасын көшіріп әкелу жоспарланып отыр.

- Алайда квотасыз көшіп келетін ағайындар саны бұдан екі-үш есе көп болмақ. Бұның өзі біраз проблема туғызатыны сөзсіз, - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанға квотасыз көшіп келген қазақтардың 72 процентіне үкімет қол ұшын беріп, олар үй-баспаналы болған. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса түспекші дейді шенеунік.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон жөніндегі комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, Қазақстанда қазір экономикалық және экологиялық миграция жүріп жатыр.

- Бұрынғы совет одағы ыдыраған соң экономикасы басқаларға қарағанда тәуірірек екі мемлекет - Ресей мен Қазақстанға қарай көршілес елдерден заңсыз мигранттар ағыла бастады. Бұған қарсы тосқауыл қою өте қиынға соғып отыр. Қазақстанда көші-қон мәселесін реттейтін көші-қон заңына біраз өзгертулер жасау керек, ол үшін халықаралық ұйымдардың осы көші-қон саласындағы тәжірибелері өте маңызды болмақ, - дейді ол.

Қырғызстан көші-қон мекемесінің өкілі Талант Жораевтың айтуынша, бүгінгі күні Ресей мен Қазақстанда жұмыс істеп жүрген қырғыздар өздерінің тапқан табыстарын Қырғызстандағы отбасы мүшелеріне, туған-туыстарына жіберу арқылы Қырғызстан экономикасына жақсы ықпал жасауда. Оның айтуынша, осы қырғыз «гастарбайтерлерінен» түсетін қаржы көлемі Қырғызстанға кіретін инвестиция көлемінен 1,5 есеге көбейген.
XS
SM
MD
LG