Accessibility links

Баспасөзге шолу. 26 қаңтар 2005 жыл.


Бүгін шыққан газеттерде оппозициялық партияны жабу туралы сот шешіміне орай халықаралық ұйымдардың алаңдаушылық танытып отырғандығы және Қазақстан бас прокуратурасының елдегі кейбір саяси партияларды тексеруге кіріскендігі хабарланыпты.

“Азат” газетінің сәрсенбі күнгі санында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” сот шешімімен жабылуына байланысты материалдар топтамасы ұйымдастырылыпты. Газеттің бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада халықаралық “Freedom House” ұйымының Қазақстандағы оппозициялық партияның жабылып қалуына орай алаңдаушылық білдіріп отырғандығы айтылыпты.

“Freedom House” халықаралық ұйымының атқарушы директоры Дженифер Виндзордің айтуынша, "бұл сот шешімі Қазақстандағы демократияның тұрақты дамуын үміт еткендер үшін кері қадам" болып табылады. “Freedom House” халықаралық ұйымы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын қазақ билігін сот шешімін қайта қарау процесіне ықпал етуге және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын жауап тастаудан басқа шараларды қарастыруға шақырыпты.

Ал, осы газеттің бірінші бетінде жарық көрген Адам құқығы жөніндегі халықаралық лиганың атқарушы директоры Луиза Кантроудың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хатында Біріккен Ұлттар Ұйымының арнаулы кеңесшісі мәртебесіне ие үкіметтік емес ұйым болып табылатын Адам құқығы жөніндегі халықаралық лиганың “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жабылуына байланысты төтенше мазасызданып отырғандығы хабарланыпты.

Сондай-ақ аталмыш хат арқылы халықаралық лига Қазақстан үкіметінің оппозициялық партияны жауып тастау жөніндегі шешімі 2006 жылғы президенттік сайлау кезінде қазіргі билік жүйесіне балама күштерді болдырмау әрекеті ме деген қауіпін білдіріпті. Сонымен бірге “Азат” газетінің бірінші бетінде Еуропа парламентінің мүшесі Анна Потиганың осы мәселеге байланысты алаңдаушылық танытып Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хаты да жарияланыпты.

Ал, “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Қазақстан бас прокуратурасының “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы”, “Руханиат”, “Ауыл”, Қазақстан коммунистік партиясы, “Қазақстанның патриоттар партиясы” секілді партиялардың қатарындағы мүшелерінің санын анықтау мақсатында тексеріс жүргізетіндігі хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша бас прокуратураның мұндай қадамға баруына мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың жоғарыда аталған партиялардың қатарындағы мүшелерінің санын анықтауға қатысты жасаған депутаттық сұрауы мұрындық болған.

Жаңадан жарық көре бастаған “Еуразия” атты басылымда жарық көрген “Оппозиция” атты мақалада оппозициялық бағытты ұстанатын партиялардың басшылары сынға алынған. Мақала авторы оппозициядағы кейбір азаматтар "қара халықтың қамын ойлаған болып, қарақан басының қамы жолында ұлт мүддесін мүлдем естерінен шығарған" деп есептейді. Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Асылбек Қожахметовты мақала авторы "ұлт мүддесін мүлде естерінен шығарғандардың" қатарына жатқызыпты.

Сонымен қатар сәрсенбі күні жарық көрген “Айқын”, “Литер”, “Экспресс К” басылымдарында бірақатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хаты жарық көрді. Осы ашық хат арқылы бірқатар басылымдардың бас редакторлары бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты нарық тепе-теңдігі бұзылды деп алаңдаушылық танытыпты.

Ашық хатты жазушылардың айтуынша 2004 жылы “Мемлекеттік сатып алу” және “Жұмыс және қызмет, мемлекеттік сатып алу тауарларын өткізу және ұйымдастыру ережесі туралы” заңға түзетулер енгізілгеннен кейін конкурстық хабарландыруларды қай басылымда айқындау құқығын Қазақстан республикасы қаржы министрлігінің қаржыны бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті өз құзырына алған. Осыған орай, үкіметтің 2004 жылғы 31 желтоқсанындағы №1446 қаулысына сәйкес, 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалғыз “Мемлекеттік сатып алу бюллетені: ақпараттар мен хабарландырулар басылымы” ғана осы құқыққа ие болған. Ашық хатты жазушылардың айтуынша, "бұл ахуал Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарын қаржы табу мүмкіндігінен айырып, көптеген аймақтық газеттердің наразылығын туғызып" отыр.

Осы қалыптасқан ахуалға байланысты “Айқын” басылымында жарық көрген Алма Мұхамеджанованың мақаласында өткен жылдың 17 қазанынан бастап жарнамаға тапсырыс берушілердің сол уақытқа дейін конкурс арқылы басылымдармен жасасқан келісім-шарттарын үзе бастағандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, "ат төбеліндей ғана белгілі бір топтың өздерінің қалтасы үшін жасанды түрде жарнама монополисін құрып, өзге басылымдардың құқығын басынуы" журналистер қауымын осындай қадам жасауға мәжбүр етіп отыр.
XS
SM
MD
LG