Accessibility links

Қазақстан Қашаған жобасындағы «Бритиш Газ» акциясының 8,33% сатып алмақ


Қазақстан энергетика және минералды ресурстар министрі Владимр Школьниктің айтуынша, Қазақстан Қашаған кеніші жобасындағы «Бритиш Газ» компаниясы акциясының 8,33% сатып алуды жоспарлап отыр.

Қазақстан республикасының энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник қаңтардың 28-і күні парламент сенатының депутаттарымен кездесуінде Қашаған кенішінде мұнай өндіру бойынша солтүстік Каспий жобасындағы «Бритиш Газ» компаниясының үлесін сатып алу туралы келісімге келгендерін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Қашаған кенішіндегі «Бритиш Газ» акциясының 8,33% сатып алмақ. Энергетика және минералды ресурстар министр бұны "елге үлкен көлемдегі активтердің қайтып оралуы" деп атады.

Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, Қазақстан «Бритиш Газ» компаниясы акциясының бір бөлігін сатып алуға өзінің "заңдық құқығын дәлелдеген" және Аджип ККО халықаралық консорциумының акционерлері жобадағы өз үлестерінің 50 пайызын Қазақстанға сатуға келіскен.

- Мемлекет оны сатып алады. Біз бұл келісімді жасаймыз деген үміттеміз, - дейді Владимир Школьник.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта басқа кеніштер бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр.

- Болжам бойынша, 2005 жылы Қазақстанда 62-63 миллион тонна көлемінде мұнай өндіріледі. Ал елде өңделетін мұнай көлемі биылғы жылы 10 миллион тоннаны құрайды, - деді министр Школьник.

Оның депутаттармен бұл кездесуіне ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі себеп болған еді. Бұл тұрғыда министр Қазақстан соңғы үш жылда егін салу және өнімді жинау науқандық жұмыс кезінде жанар-жағар майдың сыртқы шығарылуына тиым салып келе жатқанын айтты.

- Ондай шаралар ішкі нарықты жанар-жағар май қорымен тұрақты қамту мақсатында жасалды. Белгілі мерзімге мұнай өнімдерінің сыртқа шығарылуына тиым салу өз тиімділігін беріп отыр, - деді министр.

Ал, сенат депутаты Асқар Қожағалиев жанар-жағар майды сыртқа шығаруға тиым салу арқылы Қазақстан тек зиян шегіп отыр деп есептейді. Депутат Светлана Жалмағанбетова ауылдық жердегілер тауар бағаларының өсуіне аса алаңдаулы екендігін жеткізіп, оның барлығы мұнай бағасымен байланысты деген пікір айтты.

Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Дулат Айтжанов жанар-жағар майдың бөгде жаққа кетпеуі үшін оны бояп қою туралы шешімге келгендерінен хабардар етті.

Ал, сауда және индустрия министрлігінің бәскелестікті қорғау комитетінің төрағасы Әлиәкпар Матишев зауыттан мұнай өнімдерін төмен бағамен алып, кейін басқа бағамен сатушылар барын еске салды.

- Егер жаңа заң қабылданса мұның барлығы жойылады деп есептейміз, - деген ол кейбір компаниялармен соттасып жатқандарын айтады.
XS
SM
MD
LG