Accessibility links

«Отан»мен «Асар» өліп, «Ақ жол» баспақ болды


Былтыр көктемде Шымкент қаласына іргелес Забадам селосының тұрғыны парламент сайлауы қарсаңында бұзаулап, үшем туған сиырының төлдерін «Отан», «Асар» және «Ақ жол» партияларының атын берген еді.

«Хабар» агенттігі сол үш бұзаудың бүгінде «Ақ жолы» ғана тірі екендігін, ал «Отан» мен «Асардың» өліп қалғаны туралы хабарлады. Қазақстанда тұңғыш рет парламентке көппартиялық сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары басталып жатқан уақытта бір енеден туған үш төлге партиялардың атын берген БАҚ өкілдері екен. Бұған мал иесінің ешқандай қатысы болмапты.

Көкталдық мал маманы Кәкен Әбділдәұлы сиыр немесе жылқының егіз, үшем табуын қазақтың жақсы ырымға баламайтындығын, жалпы сиыр малына ат қойылмайтындығын айтады. Шымкенттік журналист Қуандық Оразбекұлының айтуынша, мал иесі Рахметолла көлденең келген аурудан «Отан» мен «Асар» атты бұзауларын құтқара алмай қалыпты. «Асар» атты бұзау туғанына бес күн болмай іші өтіп өлген. Көп ұзамай «Отан» бұзау да сол ауруға шалдыққан.

- Үй иесі Рахметолла қанша әрекеттеніп, әр бұзауға бес мың теңгеге дәрі алып, салғанымен ажалдан алып қала алмады. Сонымен «Отан» да, «Асар» да ауырып өлді. Жақында біз «Ақ жол» деп айдар таққан бұзаудың жағдайы қалай екен деп сұрау салдық. Ол аман-есен. Қазір баспақ болып қалыпты, - дейді шымкенттік журналист Қуандық Оразбекұлы.
XS
SM
MD
LG