Accessibility links

Баспасөзге шолу. 1 ақпан 2005 жыл.


Басылымдарда “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” жақтастарының үлкен жиын өткізгендігі, Ресейлік белгілі саясаткер Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына сұхбатының Қазақстанда наразылық туғызғандығы хабарланыпты.

“Жас Алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген ақпараттар ағымында өткен сенбі күні “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жақтастарының өз кеңселеренің алдына жиналып, үлкен жиын өткізгендігі хабарланыпты. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, онда 2000- ға жуық адам жиналған. Газет тілшісінің хабарлауынша, шеру өткізуге рұқсат ала алмаған партия жақтастары жай ғана бас қосып, пікір алысуды мақсат тұтқанымен оппозиционерлер мен полицейлердің арасында “қақтығыс” болып, сегіз адам қамауға алынған.

Жиында Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай, “Ақ жол” партиясының тең төрағалары Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Компартияның екінші хатшысы Төлен Тоқтасынов, сенатор Зәуреш Батталова, экс-депутат Серікбай Әлібаев және басқа да бірқатар адамдар сөз сөйлеген.

Осы жиынға қатысқан экс-депутат Серікбай Әлібаев “Жас алаш” газетіне берген сұхбатында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жабылуын “ақылға симайтын нәрсе” деп бағалапты. Экс-депутат Серікбай Әлібаевтың айтуынша, "биліктің өзі партияны жабу арқылы үлкен саяси қателік жасап отырған уақытта, қатардағы партия мүшелерінің қандай әрекетке баруы да орынды". Сондай-ақ Серікбай Әлібаев бұл сұхбатында полицейлердің қаптап, осы жиынға келгендерді қоршап, жеті-сегіз адамды тұтқынға алғандығын да тілге тиек етіпті.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген Григорий Гараниннің мақаласында осы жиынға шыққандардың қызғылт-сары түсті мойыншалма тағып шыққандығы хабарланыпты. Мақала авторы осы жиынды ұйымдастырғандардың “Астана” алаңында "тәртіпсіздік туғызу үшін шатырлар мен отын алып келгенін" жазады.

Ұлттық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов “Айқын” газетіне берген сұхбатында "егер билік авторитарлық тенденцияға бейімделе беретін болса, төңкеріс болу да мүмкін" екендігі туралы айтыпты. Оның пікірінше "билік ауысу процесі жалғыз Қазақстанға ғана емес, ертеңгі күні Ресейге де кіреді". Сондай-ақ саясаттанушы қазіргі парламент құрамында оппозиция өкілдерінің атымен жоқ екендігін де мысалға келтіре отырып, парламентте оппозициялық партиялардың қоян-қолтық жұмыс жасауын "демократияның бір белгісі" ретінде бағалапты.

“Ресейдің либералдық демократиялық партиясының” басшысы Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына сұхбат беріп, “Қазақстанда мемлекет болған емес, оның көптеген жерлері Ресейдікі” деп мәлімдеуі де Қазақстанда жарық көретін бірқатар басылымдардың назар аударған негізгі тақырыбына айналыпты. Ендігі уақытта апта басында жарық көре бастаған “Мегаполис” газеті осы тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Аталмыш басылымның екінші бетінде жарық көрген мақалада “Қазақстан” қоғамдық қорының Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің үстінен қылмыстық іс қозғау жөнінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне өтініш түсіргендігі хабарланыпты.

“Қазақстан” қоғамдық қорының президенті Асхат Темірғалиевтің айтуынша, Ресейдің либералдық демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийді жасаған мәлімдемесіне орай "Қазақстан республикасының конституциясына сәйкес жауапқа тартуға болады". Мұндай шара жүзеге аса қалған күнде Владимир Жириновский жеті жылға шейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Ал, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың өкілі Рүстем Жиенбаев болса, “Владимир Жириновский ұлтараздықты қоздыру арқылы Ресейдің де заңнамаларын бұзып отыр” деген пікір білдіріпті.

“Жас алаш” газетінде жарық көрген дипломат Сайлау Батырашұлының мақаласы да осы тақырыпқа арналыпты. Ол өз мақаласында бұрын-соңды да Қазақстандағы биліктің Владимир Жириновскидің осындай мағынада жасаған мәлімдемесіне ресми түрде жауап бермегендігін айта келіп, “үндемеген үйдей пәледен құтылады” деген мәтелдің бұл жерде жүзеге аспайтындығын тілге тиек етіпті.

“Ана тілі” газетінде жарық көрген мақаласында журналист Дағжан Белдеубайұлы осыдан тура бір жыл бұрын Владимир Жириновскийдің Алматыға келгендігін, осы кезде Қазақстандағы шенеуніктердің оны алақанына салып алып жүріп, керемек құрмет көрсеткендігін тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, өтірік-шыны белгісіз Владимир Жириновскидің сол кезде Алматыға келгенін, оны ылғи да жекпе-жекке шақырып жүрген Хасен-Қожа-Ахмет те естімей қалған.

Сол жолы Ресей думасының депутаты Владимир Жириновский Алматыдағы өзі оқыған мектепке барып, өзін дәріптеген мұражай ашу туралы әңгіме көтерумен шектелмей, “теңге деген не нәрсе, онан да рубльге, долларға көшіңдер” деп ақыл айтыпты. Сондай-ақ Дағжан Белдеубайұлы осыған наразылық білдірген “Азат” қозғалысының Алматы қаласы бөлімшесінің бастығы Ғалия Оспанованы, қазақстандық белсенді полицейлердің мектептің бір бөлмесіне қамап тастағандығына да айрықша тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG