Accessibility links

Қарасай ауданында Кришна діни бірлестігі мен жергілікті билік арасындағы дау сотқа жетті


Алматы облысы Қарасай ауданында Кришна діни бірлестігі мен жергілікті билік арасында жер теліміне қатысты даулы мәселе аудандық сотта ақпанның 9-ы күні қаралғалы отыр.

Кришна бірлестігінің президенті Валентина Волкованың айтуынша, Қарасай ауданында орналасқан осы шағын діни қауымдастықтың үстінен жергілікті билік сотқа екі шағым-арыз түсірген.

– Біріншісі – діни бірлестік орналасқан 15 гектар жерді, екіншісі – діни қауымдастық өкілдері тұратын 30 саяжай үйді алып алу туралы, – деді Валентина Волкова.

Оның айтуынша, егер билік діни бірлестіктің пайдаланып отырған жерін тартып алатын болса, онда "Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, осында қоныстанған азаматтар баспанасыз далада қаңғып қалмақшы".

– Сондықтан, бұл біз үшін үлкен жан ауыртарлық мәселе тудырып отыр. Екіншіден, біз жалдап тұратын жерге ғибадатхана салуға болмайды дегеннен кейін күзде құрылысты тоқтаттық. Бұл бойынша әкімшілік жаза тартып, барлық айыппұлын төлегенбіз, – деді Валентина Волкова.

Алайда, Алматы облыстық жер ресурстары комитетінің бас маманы Анатолий Партнягин Кришна діни бірлестігі пайдаланған жер ауқымының "өз мақсатында пайдаланбағандығын" алға тартады.

– Бұл іс бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Олар рұқсат берілмеген жерге ғибадатхана салуға құқылы емес болатын. Жерді Марат Жақсыбеков деген азамат ауылшарушалығы мақсатында пайдалану үшін алған. Сондықтан, жер қожайынына қайтарылып беріліп, ол сол жерге егін егіп, жер жыртуы тиіс. Бұл оның құқы! – деді облыстық жер ресурстары комитетінің бас маманы.

Оның сөзіне Қарасай аудандық жер ресурстары комитетінің бас маманы Сергей Теренко да қостайды.

– Олар ғибадатхана салып, Кришна діни ұйымынын құрды. Басқа шетелдерден ол жерге адамдар жинайды. Ал бұл орын шаруа қожалығы ретінде тіркелген, – деді Сергей Теренко.

Адам құқығы жөніндегі Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина билік діни ұйымды жазалауда заң шегінен шығып отыр деп атап көрсетеді.

– Біріншіден, Қазақстан заңында бір заң бұзу оқиғасы үшін екі мәрте жазаға тарту жазылмаған. Яғни, діни қауымдастық бұған дейін осы жерге байланысты әкімшілік жаза алды. Онда бұл іс неге екінші мәрте сотқа беріледі? Екіншіден, «Діни бостандық туралы» заңның 12-бабында әрбір діни бірлестік өзі орналасқан жерде құдайына сыйынып, діни рәсімдерін жасауға толық құқылы екендігі көрсетілген, – дейді адам құқығын қорғаушы.

Бұл даулы іс Алматы облысына қарасты Қарасай аудандық сотына берілген. Соттың алғашқы мәжілісі ақпанның 9-да басталады деп жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG