Accessibility links

Алдағы үш жылда Астанаға толық бейнебақылау орнатылмақшы


Астана қаласының билігі алдағы үш жылда бүкіл қаланы толығымен бейнекамералардың бақылауына алуды жоспарлап отыр.

Қазіргі кезде дүние жүзінде тек Лондон қаласы ғана толығымен бейне бақылаумен қамтамасыз етілген дейді мамандар. Астана полицейлерінің айтуынша, бақылау камераларын орнату қала аумағында жасалған қылмыстардың жылдам ашылуына септігін тигізбек. Жуырда, осы камералардың көмегімен көліктің ішін тонаған қылмыскер қолға түскені хабарланған еді. Астана қаласының жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Владимир Лужновтың айтуынша, цифрлі камералар тіпті автокөліктегі адамдарды түсіріп алуға да жарамды көрінеді.

Қазір Астанада 91 камера орнатылған. Қаланың орталық алаңы, әуежай, темір жол вокзалы, базар және Есілдің сол жағалауындағы құрылыс нысандары тәулік бойы бақыланады. Биыл осы бейнекамераларға қосымша тағы 45 жабдық алынып, олар Астананың аулаларына орнатылмақшы. Ықшам аудан орталықтарында тұратын камералар 360 градусқа айналып, айналадағының бәрін түсіріп отырады. Сосын, бейнематериалдар 30 тәулік бойы архивте сақталады.

Астана қаласының жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Владимир Лужновтың айтуынша, егерде бейнекамераға жүк тиеп жатқан күдікті болып көрінген адамдар түссе, онда сол жерге дереу полиция машинасы жіберіледі.

Қазақстандағы Еуропа құқығы институтының директоры Марат Башимов полиция қызметкерлерінің "министріміздің бұйрығы бар" деп, осындай шараларды атқарып келе жатқанын мысалға келтіріп, алайда заң бойынша "көлік - адамның уақытша өмір сүретін орны болып есептелетінін" еске салады. Яғни, "оны бейнекамераға түсіру адамның жеке өміріне қол сұғумен пара-пар" дейді құқыққорғаушы. Батыстың кей елдерінде машинаға зат тиемек түгілі, көшеде өтіп бара жатқан адамнан негізсіз құжат сұраудың өзі адам құқығын шектеу болып табылады, бірақ, Қазақстанда бұл заң жиі бұзылады дейді заңгер.

- Олар неге автокөлікті түсіреді, ондай құқықтары жоқ олардың. Жай бірдеме істеп жатқан адамдардан олар күдіктенеді. Сізді бір жаққа алып бара жатқанда 10 шақты рет бостан босқа тексерсе - ол дұрыс емес, - дейді Марат Башимов.

Астана қаласының жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Владимир Лужновтың айтуынша, полиция адамдарды аңдымайды, олар тек қоғамдық тәртіпке жауап береді.

Қазақстан конституциясы бойынша адамның құқын шектеуге тек қауіпсіздік шараларын жасау барысында және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында ғана рұқсат етіледі.

Шет елдердің тәжірибесін зерттей отырып, полиция ұялы байланыс телефонынан «112» нөміріне тегін қоңырау шалу мүмкіндігін жасаған. «112» нөмірі арқылы төтенше оқиға туралы дереу хабарлап, қажетті мағлұмат алуға немесе оқиға болған жерге дереу полицияны, прокуратураны және басқа да қажетті мамандарды бір жерден шақыртуға болады. Бірақ, оның қоғамға қолайсыз жағы да барын айтады кейбір заңгерлер. Аты жөнін айтпаған адамнан түскен ақпарат кейін сотта айғақ бола алмайды. Адвокаттар оның заңсыз жолмен табылғандығын оңай дәлелдейді дейді заңгерлер.

- Ондай нәрсе адам құқығына сәйкес келмейді. Біреуі ғана сәйкес келеді, егерде ұлттық қауіпсіздік комитетінде лаңкестікпен күрес үшін орнатылған сенім телефондары болса, - дейді Марат Башимов.

Сонымен қатар, қалада полицейлер тәулік бойы кезекшілік жасайтын стационарлық бекеттердің де саны артатын болады. Орталық алаңдарындағы бекеттерге қосымша тағы 12 бекет орнату жоспарланған.
XS
SM
MD
LG