Accessibility links

Елші Лаура Кеннеди Астанадағы кездесуде адам құқықтары мәселесін көтерді


Астанаға екі күндік ресми сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия мәселелері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Лаура Кеннеди Қазақстанның бірқатар министрлерімен кездесулер өткізіп, адам құқықтары және экономикалық дамуға байланысты бірқатар мәселелер қозғаған.

Елші Лаура Кенннеди АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары қызметін 2004 жылдың маусымында бастаған.

Ол Қазақстанға келгендегі бұл сапарының мақсаты - екі жақты қарым-қатынастың жай-күйімен және Қазақстан астанасымен танысу екендігін айтты. Жақында парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов Қазақстанның бас прокурорына депутаттық сұрау салып, «Сорос Қазақстан» қоры, USAID сияқты ұйымдардың Қазақстандағы қызметін тексеру қажеттігін айтқан болатын.

Бұған Лаура Кеннеди шетелдік ұйымдар Қазақстандағы демократиялық үрдістерді қалыптастыру үшін техникалық көмек көрестіп отырғандығын, ал «Сорос» қорының салықты уақытында төлемегені рас болып шыққанын айтты.

- Салық сомасы оның уақытында төленбеуі себепті үстемемен төленді, - деді Лаура Кеннеди.

Ол Украинада болған саяси оқиғалар Қазақстанда қайталануы мүмкін бе деген сұраққа: «Қазақстанның өзіндік жолы бар. Қазақстан украиналық сценарийды қайталамауы тиіс» деп жауап берді. Иракта қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың опат болуына байланысты қазақстандықтарға көңіл айтты. Ондағы саперлер батальонын қайтару турасында: «бұл Қазақстан үкіметінің құзырындағы шаруа, оған ешқандай мемлекеттің ықпалы жүрмейді» деген жауап қайтарды.

Елші Лаура Кеннеди ақпанның 5-інде Алматыда Қазақстанның мемлекеттік емес ұйымдарының өкілдерімен, саяси партиялардың жетекшілерімен кездесуді жоспарлап отыр. Елші Алматыда өтетін кездесу туралы айта келіп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси партиясына қатысты сот шешімдеріне алаңдаушылық білдірді.

- Бұл мәселені жан-жақты қайта таразыдан өткізген жөн, - деді Лаура Кеннеди.

Елші кездесу соңында бұған дейін 1978 жылы Целиноград қаласына ауыл шаруашылығы көрмесіне келгендігін, бүгінде Қазақстанның астанасына айналған қаланың танымастай өзгергеніне таңданыс білдірді.
XS
SM
MD
LG