Accessibility links

Қазақстанның жан-жануарлар туралы заңы тәуелсіз экологтардың ойынан шықпайды


Табиғат қорғаушылар қазіргі кезде Қазақстанның жан-жануарлар әлемінде шешілмеген мәселелерді өзгеріс енгізілген жаңа заңмен шешуді жөн санайды.

Қазақстан үкіметі жан-жануарлар әлемінде шешімін таппаған мәселелерді биыл шешуге ниеттеніп отыр. Бұл туралы ақпанның 7-і Азаттық радиосына берген сұхбатында ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аң шаруашылығы жөніндегі комитет мамандары мәлімдеді. Олар бұл мәселені жаңа заң бойынша іске асыруды көздеп отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда омыртқалы жануарлардың 900-дей түрі бар. 100 мыңдай омыртқасыз жанауар бар. Қазақстанның зоология институтының маманы Мұхтар Байжановтың айтуынша, омыртқасыз жауарлардың басым көпшілігі толығымен зерттелмеген.

- Ғалымдардың айтуына қарағанда 100 мыңдай түрі бар, бірақ оның 30-40 проценті ғана зерттелген, қалғанын зерттеу керек. Қазіргі кезде бұл зерттеулерді жүргізу үшін ақша керек, арнайы зерттеу жүргізетін мамандар керек, - дейді Мұхтар Байжанов.

Қазақстанның экологиялық қоғамының мүшесі Асылхан Артықбаевтың сөзіне жүгінсек, бүгінгі таңда мамандар республикада қанша жануардың түрі барын және олар қалай қорғалатыны туралы нақты айта алмайды.

- Ақша бөлінбегеннен кейін, оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Сол себептен нақты дерек жоқ. Бүгінгі таңда аң шаруашылығында жұмыс істейтін мамандардың көбісі өз шаруашылығында қанша құс, қанша аң барын білмейді, - дейді Асылхан Артықбаев..

Қазақстанда бар жабайы жануарлардың 530 түрін Алматыдағы хайуанаттар бағынан көруге болады. Хайуанаттар бағының қызметкері Хасен Беққұловтың айтуынша, жыл сайын мұнда бар жануарлар саны өсіп отырады.

- Аңдар қатты семіз емес, егер олар семіз болса, онда біз төл ала алмай қалатын едік. Біздегі мал өз деңгейінде деп айтуға болады. Біз малға барлық жағдай жасап қойдық, - деді Хасен Беққұлов.

Қазақстан республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аң шаруашылығы жөніндегі комитет жетекшісі Ермек Келімсейіттің сөзіне жүгінсек, қазіргі кезде жан-жануарлар әлемінде шешілмеген мәселелер бар, бірақ бұл мәселелер өзгеріс енгізілген жаңа заңмен шешілуі тиіс.

- Бізде жануарлар әлемін қорғайтын заң жобасы болған, бұл заң 1993 жылы шыққан. Сол заңға 2004 жылы өзгертулер енгізіп, жаңа заң қабылдадық. Бұл заңды іске асыру үшін арнайы 23 қаулы мен қарар қабылдау керек, қазіргі кезде біз 11 қаулы қабылдадық. Енді барлық қаулы, қарар қабылданғаннан кейін, біртіндеп бар мәселені шешеміз деп ойлаймын, - дейді Ермек Келімсейіт.

Ал тәуелсіз эколог Асылхан Артықбаев Қазақстан үкіметі жасап жатқан шараларға көңілі толмайтынын айтады.

- Жеке шаруашылықтарға аңдардың өсіп-өнетін жерлерін кесіп берсе, орман өртеніп жатса, аң шаруашылығының жағдайы қалай болады? Бар мәселені реттеу үшін арнайы бағдарлама керек,- дейді Асылхан Артықбаев.
XS
SM
MD
LG