Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10 ақпан 2005 жыл.


Мерзімді басылымдарда Қазақстан бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың Ресей бас прокуроры Владимир Устиновке Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновскийді Қазақстанның жер аумағына қатысты айтқан сөзі үшін жауапқа тартуға шақырғаны туралы хат жолдағаны айтылыпты.

“Экспресс К” басылымы Қазақстан республикасының бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың Ресей бас прокуроры Владимир Устиновке Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Владимир Жириновскийді “Адамзат тарихында Қазақстан деген мемлекет болған емес. Қызылорда, Шымкент, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа жерлердің бәрі Ресейдікі” деген сөзі үшін жауапқа тартуға шақырып сұрау салғандығы айтылыпты.

Мақала авторының айтуынша, ресми хатта Рәшит Түсіпбеков Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің "Қазақстанның мемлекеттілігі, тілі және территориялық тұтастығына қатысты айтқан сөздерінің екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсіретіндігін" ескертіпті. Қазақстан бас прокуоры "Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің осындай мағынадағы мәлімдемесі, Қазақстан заңнамаларына ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясының заңнамаларына да қайшы келеді" деп есептейді.

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, "Владимир Жириновскийдің сұхбатында ұлттық өшпенділікті оятатын, Қазақстан мен Ресей халықтарының арасында от тастайтын және қазақ ұлтының ар-намысын қорлайтын сөздер айтылғандықтан, ол Ресей Фдерациясының қылмыстық кодексінің 282-бабына сай жауапқа тартылуы тиіс".

“Экспресс К” басылымының хабарлауынша, "егер де Ресейдің құқық орындары Қазақстан республикасының бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың талабын қанағаттандырса, Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновскийге 500 немесе 800 ең аз төменгі айлық көлемінде айыппұл салынуы немесе оның 3 жылға шейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал".

“Город” басылымы болса Ресейдің либерал-демократиялық партиясының баспасөз қызметімен байланысқандарын, алайда олардың жұмыстарының көп екендігін айтып, Қазақстанның бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың сұрауына байланысты ешқандай түсініктеме бермегендігін тілге тиек етіпті.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Айқын” басылымы Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына сұхбат беріп алып, кейіннен ол сөздерінен айнып шыға келгендігін хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, өткен аптаның соңында журналистерге сұхбат берген Владирмир Жириновский: “Мен Қазақстанды сүйемін, ол менің – Отаным. Путин мен Назарбаевтың әрекеттерінен қателік көріп отырған жоқпын” деп мәлімдепті.

“Литер” басылымы Қазақстанның бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың ресми хат жолдауына орай Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Владимир Жириновскиймен хабарласыпты. Осы оқиғаға орай газет тілшісіне берген түсініктемесінде Владимир Жириновский: “Қазақстан прокуроры білмегені болса, оқулық бетін ашып, мұқият оқысын. Егер оқулық алуға қаржысы жетпесе, мен оған ақша жіберейін” деп мәлімдепті.

Профессор Алдан Айымбетов “Казахская правда” басылымы арқылы “Ресей думасының вице-спикері Владимир Жириновский қазақ халқының ар-намысын таптағаны үшін, одан өш аламын” деп Алланың атынан ант беріпті.

“Түркістан” және “Алтын Орда” басылымдары Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатын көшіріп басқан “Республика” және “Сөз” газеттерін сынға алыпты. “Түркістан” газетінің тілшісі Есенгүл Кәпқызының айтуынша, "оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар мұндай мағындағы сөздерді басқаннан кейін, ендігі уақытта оппозиция қазақ халқының қолдауына ие бола алмайды".

“Сөз” газетінде жарық көрген мақаласында журналист Шәріп Құрақбаев “Эхо Москвы” радиосына берген Владимир Жириновскийдің сұхбаты аталмыш басылым бетінде жарық көргеннен кейін, Хасен Қожа Ахмет бастаған бір топ азаматтардың “Сөз” газетінің орыс редакциясының алдына келіп, газетті өртегендігіне тоқталыпты.

Газет редакторы Шәріп Құрақбаев “билік пен ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің сот процестерінде жүрген газеттің редакциясын өртеп кетемін деу үшін үлкен ерліктің керегі жоқ” деп пайымдайды. Мақала авторының айтуынша, "үстіміздегі жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Қазақстанның екі облысынан біраз жерді және Имаш газ кенішінің 50 процентін Ресейге беріп жібергенде Хасен Қожа Ахметтің оған қарсы бір сөз айтуға шамасы келмеген". Шәріп Құрақбаев "совет заманында Ресейдің империялық саясатына қарсы шығып "диссидент" атанған Хасен Қожа Ахметтің осы жолы Ресейге жер мен газ беріліп жатқанда үнсіз қалуы мүлде түсініксіз" деп пайымдайды.

Шәріп Құрақбаевтың пікірінше, "Ресей өзінің шовинистік пиғылын Жириновскийдің аузымен айттырып жатқанда, оны “Сөзден” көріп, газетті өртеп, сатқын ретінде көрсетуге тырысуды Хасен Қожа Ахмет біреулердің тапсырысымен жасауы ықтимал". Шәріп Құрақбаевтың айтуынша, Ресей елшілігіне барғаннан кейін, “осымен тоқталайық. Ресей мемлекетінің түпкі мақсатын көрсетіп берген газеттің не кінәсі бар” деген адамдардың сөзін Хасен Қожа Ахмет тыңдамай қойған.
XS
SM
MD
LG