Accessibility links

Айман Мұсақожаева: Қазақтың дәстүрлі музыкасы Америка жұртын тәнті етті


АҚШ-тың Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында «Қазақ даласының сазы мен әні» деген атаумен Қазақстан өнерпаздарының концерті өтті.

«Қазақ даласының сазы мен әні» деген атаумен өткен Қазақстан өнерпаздары концертінің бірінші бөлімі АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Кеннеди орталығында өтті. Ал концерттің екінші бөлімі Нью-Йорк қаласында орналасқан Карнеги орталығында қойылды.

- Классика өнері және қазақ халық әндеріне арналған концертте қазақстандық өнерпаздар Америка жұртшылығының көңілінен шықты. Құрманғазы оркестрі шыққанда американдықтар таң қалысты. Олар қазақ ұлттық аспаптарына үлкен мән берді, - дейді Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева.

Ол қазақстандық өнерпаздарды шетелге жиі шығару қазақ мәдениетінің танылуына жол ашатынын айтады.

АҚШ-та өткен Қазақстанның мәдени күндеріне 88 өнерпаз қатысты. Бұл шараға республикалық бюджеттен 95 миллион теңге жұмсалды дейді мәдениет, ақпарат және спорт министрінің орынбасары Ермек Аманшаев.

- АҚШ-қа Құрманғазы оркестрі, солистер академиясы барды. Олар Американың әйгілі үлкен залдарында өнер көрсетті. Алдағы уақытта мәдениетті дамыту барысында жетекші өнер ұжымдары республиканың барлық жерлерінде, шетелдерде өнер көрсетуіне ат салысамыз. Оларға жаңа қойылымдарға тапсырыс беріп отырмыз. Саланы дамытуда мемлекеттік бағдарлама ойластыру жоспарда бар, - деді вице-министр Ермек Аманшаев.

Ол АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндерінен жас өнерпаздарды көтеріп, әлемге таныту туралы ой түйіп қайтқанын айтты.

- Америкада өткен қойылымда ой келді, сонда барған белгілі жұлдыздарымыз өз кәсіпқойлығын көрсетті, әрине. Дегенмен олардың арасында жас дарынды өнерпаздардың көбірек болғаны жөн деп ойлаймын. Сол мәселені қолға аламыз болашақта. Жастарымыз да әлемдік деңгейде көрінгені дұрыс, - дейді Ермек Аманшаев.

Мәдениет саласы өкілдерінің айтуынша, АҚШ-та өткен концерт туралы сол елдің "Вашингтон пост", "Вашингтон таймс" және т.б. басылымдарында жарық көрген мақалаларда қазақстандық өнерпаздарға жоғары баға берілген.

Дегенмен, Америкада өткен Қазақстанның мәдени күндері шарасына қатысқан "Егемен Қазақстан" газеті ашық акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Әбдірахманов бұл концерттің "әттеген-ай" дегізетін тұстары болғанын да айтады:

- Америкадағы осы сапардан кейін қазақ мәдениетінде үлкен серпіліс болады деп ойлаймын. Біз Карнеги, Кеннеди концерттік залдарында өнер көрсеткенбіз деп мақтанышпен айта аламыз. Бірақ мұнда "әттеген-айлар" да болды. Концер барысында түзету жасау керек болды. Тілендиевтің "Махамбет" шығармасы таныстырылғанда жай ғана "Махамбет" деп айтыла салды. Ал ағылшын тілді америкалықтар үшін ол түсініксіз. Олар Махамбетті білмейді. Таныстырудың басқа жолы қарастырылған жөн. Сондай-ақ "Құсни- Қорлан" шығармасы "Ай дидарлы қос ару Құсни- Қорлан" деп хабарланды.

Сауытбек Әбдірахманов "Қазақстан мәдениетінде мұндай серпіліс 1936 жылы Темірбек Жүргенов бастап барған қазақ өнерпаздарының Мәскеу қаласындағы алғашқы он күндікте болған еді" деп салыстырады.
XS
SM
MD
LG