Accessibility links

Мүлікті заңдастыруға бірқатар депутаттар қарсы болып отыр


Ақпанның 9-ы күні Қазақстан әділет министрлігінде өткен алқа отырысында премьер-министр Даниал Ахметовтың Қазақстандағы жылжитын және жылжымайтын мүлікті заңдастыру турасындағы нұсқау-ұсыныстарына орай парламент мәжілісінің депутаттары мен экономист-ғалымдар түрліше пікірлер білдіріп отыр.


“Жылжитын және жылжымайтын мүлікті заңдастыру туралы” заң жобасына орай үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов бір аптадан бері өзінің жауап ала-алмай отырғанын айтады. Депутат әріптестері мен қарапайым жұртшылық пікірін ескере отырып, аталған заң жобасын үкімет басшысынан кері қайтарып алуын сұрапты.

Алайда сәрсенбі күні әділет министрлігінде өткен алқа отырысына қатысқан премьер-министр Даниал Ахметов "Жылжитын және жылжымайтын мүлікті заңдастыру туралы” заңды қабылдау міндетін қоюы көптеген депутаттардың және тағы бір рет қарсылығына тап болып отыр. Парламент депутаты аталған мүліктердің саны өте көп екенін және "бұл мүліктер ұрлық жолмен табылып, енді өз иелеріне заңды түрде табысталмақ болып отырғанын" айтады.

- Дегенмен бұл мәселе әділетті жағдайда жүзеге асса, ел экономикасы үшін өзіндік пайдасы бар, - дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есеркепов.

Даулы тақырыпқа айналған заң жобасын ұсынып отырған әділет министрлігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Мұқышева аталған заңның кейбір баптарымен келіспей отырған депутаттардың жобаны әлі талқылап жатқандығын жеткізді.

Ал парламент депутаты Серік Әбдірахманов бұл реттегі үкіметтің ұстанымына өзінің түбегейлі қарсы екенін және аталған заң "қарапайым азаматтардың мүддесі үшін қабылданайын деп отырмағандығын" айтады.

Сондай-ақ депутат Серік Әбдірахманов аталған заң жобасы бойынша кейбір әріптестеріне қысымның да болып жатқандығын айтты.
XS
SM
MD
LG