Accessibility links

Қазақстанда жаңадан тіл комитеті құрылды


Қазақстан үкіметінің қаулысымен мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі құрамында тіл комитеті құрылды. Жаңа комитет тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысатын болады.

Тіл комитетінің негізгі міндеті - Қазақстан республикасының «Тілдер туралы» заңының сақталуын бақылауды іске асыру болмақ. Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан тіл комитетінің құрылуын қолдайды, бірақ ендігісі мәселенің әрі қарай қалай жүзеге асырылуында, бұл сала қызметкерлерінің табандылығына байланысты дейді. Бекболат Тілеуханның пікірінше, тіл комитетінің өз алдына дербес болғаны дұрыс.

Ал, мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің өкілі Шерубай Құрманбайұлы тіл комитетінің құрылуымен мүмкіндіктердің молайғанын айтады. Парламент мәжілісінің депутаты Михаил Трошихин тіл комитетін емес, мүмкін оны агенттік етіп құру қажет деген ой білдірді.

- Өйткені, көптеген қазақтар өздері қазақша сөйлеспейді. Менің күйеу балам - қазақ, бірақ ол қазақ тілін білмейді. Ал, сонда менің немерелерімді кім үйретеді? - дейді депутат.

Михаил Трошихиннің пікірінше, тілде оқып-үйретумен терең айналысу керек. Барлық бала-бақшаны қалпына келтіріп, тілді үйретуді содан бастау қажет.

Сондай-ақ Михаил Трошихин тіл агенттігін ғана емес, тіл министрлігін құру қажет деп есептейді.

- Тәуелсіздік алғанымызға 14 жыл болады. Ал, мемлекеттік тілдің жағдайы барлық жерде және барлық кезде көңіл көншітерліктей болып тұрған жоқ. Ең қасіреті - қазақтардың барлығы бірдей қазақша білмейді. Проблема міне қайда жатыр, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG