Accessibility links

Эркки Туомиойя: Финляндия Қазақстанның ДСҰ-на қабылдануын қолдайды


Финляндия сыртқы істер министрі Эркки Туомиойя қазақстандық әріптесі Қасымжомарт Тоқаевпен Астанадағы кездесуінен кейін журналистерге берген брифингте "Финляндия Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қолдайды" деп мәлімдеді.


Қазақстан 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жеткізген жағдайда төрағалық міндет Қазақстанға Финляндиядан ауысатын болады. Фин сыртқы істер министрі Эркки Туомиойя екі ел арасында осы тұрғыдан да келісіп шешетін мәселелер бар екенін айтты.

Қазақстанның сыртқы істер министрімен кездесуден соң Финляндияның сыртқы істер министрі Эркки Туомиойя Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына талпынысын қуаттайтындығын, оған Финляндия тарапынан қолдау көрсетілетіндігін айтты.

Заң ғылымының докторы Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстанға Финляндияның қолдау көрсетуі Қазақстан заңдарының халықаралық талаптарға сәйестендірудің тез, әрі оңтайлы шешілуіне ықпал етеді.

- Өйткені, Финляндия БҰҰ, Еуропа одағы, Еуропа кеңесі, ДСҰ сияқты халықаралық ұйымдарда зор беделге ие, - дейді заңгер.

Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Талас Сағымбаев болса, Қазақстан басшылығының ДСҰ-на кіруді жеделдетуін тым асығыстық деп есептейді. Саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан ДСҰ-на кірмей, Ресейді күтіп отырып қалу арқылы ұтылды деп санайды.

- Оған ДСҰ-на кірсек ауыл шаруашылығын құртып аламыз деген экономистердің пікірі кері әсерін тигізді, - дейді Әзімбай Ғали.

Финляндия сыртқы істер министрі Эркки Туомиойя қазақстандық әріптесімен кездесуінде Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жеткізген жағдайда төрағалық міндет Финляндиядан ауысатындығын, осы мақсаттағы үйлестіру жұмыстарының ауқымды екендігін айтады. Саясаттанушы Әзімбай Ғали Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуға Қазақстанның өтінішін сұрыптаудан өткізу Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына көп септігі тиеді деген пікірде. Ал, Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Талас Сағымбаев болса, ұйымға мүше болғанға дейін Қазақстан заңдарын халықаралық талаптарға шынайы түрде сәйкестендіріп алуы тиіс деп атап көрсетеді.

- Өйткені қазір Қазақстанда адам құқығы сақталып отырған жоқ, - дейді кәсіподақ белсендісі.

Ақпанның 11-інде Финляндия сыртқы істер министрі Эркки Туомиойя Қазақстанның премьер-министрі Даниал Ахметовпен және парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченкомен кездесті. Кездесулерде айтылғандай, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 257 миллион долларды құраған. Қазақстан Финляндиядан байланыс, көлік, электр құралдарын жеткізсе, Қазақстаннан Финляндияға шикі мұнай, бидай, қақталған мыс экспортқа шығарылып отыр.
XS
SM
MD
LG