Accessibility links

Қазақстанға шетелден оқуға келетін қазақ жастары көмекке мұқтаж


Алматыда дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда оқып, білім алу мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Ақпанның 11-і күні Алматыда өткен алқалы жиында дүниежүзі қазақтары қауымдастығының, Қазақстан білім және ғылым министрлігінің, көші-қон комитетінің және парламенттің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай сияқты шет елдерден келген қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері және Қазақстандағы түрлі жоғарғы оқу орындарының ректорлары қатысты.

Бұл жиынды ұйымдастырған дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың айтуынша, шетелден келіп Қазақстанда оқып жатқан қазақ жастары алдында түрлі проблемалар көп.

- Ең алдымен оларды жаңа ортаға бейімдеу, үйрету жұмыстары жүргізілмейтіндіктен шетелден келген қазақ жастары бірден өздерінің армандап келген атажұртына деген көңілдері бәсеңси бастайды. Олар топ топ болып, құжаттарын қалай тіркетерін, кімге барарын білмей қиналады. Оның үстіне барлық жерде олардың білетін қазақшалары жүрмейді, "орысша білмесең онда келген жеріңе бара бер" дейтіндер де табылады. Жоғарғы оқу орындарына түсер алдында олар алдымен дайындық бөлімін бітірулері керек. Осыған керек құжаттарды дайындау деген шетелден келген қазақ жастары үшін бір үлкен жұмыс, - дейді Талғат Мамашев.

Жиынға қатысушылар Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің осы уақытқа дейін шетелден келетін қазақ жастарын қалай Қазақстанда оқыту мәселесіне арналған арнайы бағдарламаның жоқтығын тілге тиек етті. Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшиддинова бұндай проблемалар біртіндеп шешіледі дегенді айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанға дені Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан және Иран секілді елдерден қазақ жастары келіп оқиды. Қазақстан парламентінің көші-қон және отандастармен байланыс комиисиясының төрағасы Уәлихан Қалижанның айтуынша, шетелден Қазақстанға келіп оқитын қазақ жастарына дұрыс білім беріп, оларды Қазақстанда қалдыру мәселесі мемлекеттік саясат ретінде жүргізілуі керек.

Республикалық кеңес қортындысында шетелден келген қазақ жастары алдындағы түрлі проблемаларды болдырмауға бағытталған нақты іс-шараларды жүргізу қажеттігі айтылды.
XS
SM
MD
LG