Accessibility links

Қызылша мен қызамыққа қарсы ұлттық егу жұмыстары басталмақ


Қазақстанда қызылша дертімен ауыратындардың күрт көбеюіне орай ақпанның 21-інен наурыздың 7-не дейін 15 пен 25 жас аралығындағы азаматтарды қызылша мен қызамыққа қарсы ұлттық ақысыз егу жұмыстары басталмақ.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің қызылша мен қызамық дертіне қарсы республикалық жалпыұлттық егу шарасына БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балаларды қолдау қоры мен Канаданың халықаралық даму агенттігі (СIDA) қаржылық және техникалық жағынан көмек көрсетпек.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, қазір елдегі қызылшамен ауырғандардың саны 9200 адамға жеткен. Сондықтан бұл дертке қарсы денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері ақпанның 21-інен бастап, республикалық жалпыұлттық ақысыз егу жұмыстарын мерзімінен бұрын жүргізетіндіктерін айтады.

Қазақстандағы күрт белең алған қызылша дертінің алғашқысы 2004 жылдың қыркүйек айында тіркелген болатын дейді денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері. Аймақтардағы көрсеткіштер біркелкі болмағанымен оларға қарай дерттің тарау нүктесі Алматы қаласы болып қалып отырғандығын айтады мамандар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиялогиялық комитеті төрағасының орынбасары Альберт Асқаров келесі аптадан басталатын 15 пен 25 жас аралығындағы азаматтар үшін қызылша мен қызамыққа қарсы республикалық жалпыұлттық ақысыз егу жұмыстарына жастар жауапкершілікпен қараса, дертке тоқтам болары анық дейді.

Сондай-ақ бұл мәселе жөнінде Қазақстанға бірнеше мамандарды бастап келген БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балаларды қолдау қорының сарапшысы Драгослав Попович өз мерзімінен бұрын басталған бұл шараның нәтижелі болатындығына сенім білдіреді.

Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар және Алматы сияқты бірқатар облыстарда аталған дерт көрсеткіші өсе түскендіктен оған қарсы егу жұмыстары басталып кеткен дейді мамандар. Айталық осы дерттің республикадағы ең көп етек алған жері - Алматы облысында әсіресе студенттерге егу шарасы жүргізіліп жатыр дейді мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық департаментінің бөлім бастығы Салтанат Нұрғабылқызы.

Бұл дертке қарсы егу жөнінде кеңірек түсінік берген денсаулық сақтау министрлігінің маманы Гүлнұр Кенбабанова аталған аурудың кеңінен тарауына азаматтардың өз денсаулығына немқұрайды қарауы басты себеп болғаны зерттеу барысында белгілі болып отыр дейді.
XS
SM
MD
LG