Accessibility links

Ираннан келген 28 оралман үкімет басшысынан жәрдем күтеді


2004 жылы Ираннан Маңғыстау облысына қоныс аударған 28 оралман отбасы қиын жағдайда қалып отыр. Парламент мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев ақпанның 16-ы күні осылай деп мәлімдеп, аталған проблеманы үкімет басшысының назарына қойды.

Депутат Зейнолла Алшымбаевтың айтуынша, Ираннан атамекенге қоныс аударған қазақтар баспанасыз отыр, жастар жағы жұмыспен қамтылмаған. Тіпті құжат алудағы қағазбастылық та үлкен қиындықтар туғызып отыр екен.

Парламент мүшесі оралмандарға бөлінетін қаржы көлемін екі-үш есе көбейтуді, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, экономика және бюджетті жоспарлау министрліктерінің жағдайға талдау жасауын сұрайды. Және Маңғыстау облысына көшіп келген оралмандардың көріп отырған қиындықтары республиканың басқа да облыстарындағы оралмандарға тән проблема деп есептейді депутат Зейнолла Алшымбаев.

Сондай-ақ ол үкіметтен оралмандарға берілетін жеңілдіктер аз деп мәлімдеді. Алайда еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев оралмандарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек көлемін жеткілікті деген пікірде. Оның айтуынша, оралмандар республиканың Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарына көп қоныстанған.

Ал, Маңғыстау облысы бойынша көші-қон басқармасының бас маманы Набат Баймуланова оралмандарға беріліп жатқан көмек бірдей деп отыр.
XS
SM
MD
LG