Accessibility links

Украинаның жаңа үкіметі экс-президент Кучманы тыныш қалдыратын емес


Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма биліктен күні кеше кеткен соң қоғам назарынан тез арада шығып қаламын деп үміттенуі мүмкін. Алайда оппозицияда болған оның кешегі саяси қарсыластары Кучманы қылмыстық жауапкершілікке тару керек деп мәселе көтеріп жатыр.

Леонид Кучма "коррупцияға белшесінен батқан", "заңсыз қару-жарақ саудасымен айналысқан", "Кучма адам өлтірткен" деп те айтылып жатыр. Парламенттің кейбір депутаттары тіпті Кучманы қамауға алуды айтып жүр. Кучма әлгіндей айыптардың барлығын жоққа шығарады. Бірақ Украинаның жаңа үкіметі Кучманы тыныш қалдыратын емес.

Саяси қарсыластар Украинаның күні кешегі президенті Леонид Кучма "мемлекет мүлкін талан-таражға салды, оны туыстары мен достарына жем қылды, зұлым мемлекеттерге қару сатты, 2000 жылы журналист Георгий Гонгадзені өлтіртті" деп айтады.

Мұндай айыптар сотта дәлелденуі керек. Киевте орналасқан Мохыла академиясының тарих және философия профессоры Игорь Лосев Украинаның жаңа президенті Виктор Ющенко және жаңа бас министрі Юлия Тимошенко Кучмаға қарсы тергеу бастатқызды дейді.

- Кучмаға зейнетке шыққандағы әлеуметтік жеңілдіктерді беру жағдайы да тергеліп жатыр, - дейді бұл талдаушы.

Кучмаға екі машина қызмет етеді, Кучманың аспазы болады, даяршысы болады деп ол қызметтен кеткенде бұрынғы үкімет шешім қабылдаған еді. Кучмаға қарсы іс ашылса бұл жеңілдіктердің барлығына қауіп төнеді. Кучманың шашбауын көтерген достары мен туыстарына да қазір үлкен назар аударылып отыр.

Тимошенко қазірдің өзінде "Криворожсталь" металлургиялық комбинатының жекешелендіру шешімін коррупция жағдайы анықталған соң жойдық деп жариялады. Бұл комбинатқа Кучманың күйеу баласы Виктор Пинчук және Донецк қаласының белгілі кәсіпкері Ринат Ахметов иелік жасайды. Тимошенко сол сияқты 30-40 ірі бизнес келісімдерін тексеруге дайындалып жатырмыз деді.

Украиндық талдаушы Игорь Лосев жаңа үкімет Кучмаға тағылып тұрған айыптарды бәрібір тергетуге мәжбүр болады, Кучма айыптарды жоққа шығарса да, үкіметке қысым көп деп отыр.

- Жаңа үкіметті басқарып отырғандарға Қызыл-сары революциясы кезінде атсалысқандар қысым жасайды, себебі олар Кучманың зейнетке тып-тыныш шығып кеткенін түсінбейді. Олар Кучмаға бір шара қолдан деп қысым жасайды. Әйтпесе Кучма мен жаңа басшылардың арасында байланыс бар деп қабылданады, - деді Игорь Лосев.

Сондықтан, дейді талдаушы, жаңа басшылар Кучманы сотқа тартуға мәжбүр болады.

- Осыдан бастап Украинада ешбір президент қоғамдық бақылаудан тыс қалмайды деген сөз, енді кез-келген президентке қойылатын талап күшейеді. Украиндық саясаткерлер қай партияда болмасын өздерін ел басқаруға жаратылған жоғары қауым деп біледі. Бұдан былай Украина саяси дәстүрінде үлкен өзгеріс болмақ, - дейді Игорь Лосев.

Киевте орналасқан "Разумков орталығы" ұйымының сарапшысы Олександр Литвиненко Украинада бұрынғы президенттерге бейресми түрде иммунитет жасалғандай еді, оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмады, енді міне жаңа заң мәдениеті қалыптасып отыр деп біледі. Енді заң мәдениеті күнделікті өмір салтына кіру керек.

- Украинада барлық құбылыс қатар жүріп жатыр. Қоғамда жаңа заң сезімі қалыптасып жатыр, жаңа заңдар, жаңа мәдениет қалыптасып жатыр. Барлығы қатар өтіп жатыр, - дейді Олександр Литвиненко.

Ал бұрынғы президент Леонид Кучма болса өзіне тағайындалған зейнеткерлік жеңілдіктерді кеңінен қолдануға тырысып жатқан көрінеді. Осы аптада ол Чехияға жол тартты, сондағы Карловы Вары курортында бір ай демалмақ. Оның өкілі: "Кучма қылмыстық жауапкершіліктен қашуға әрекет жасап жатқан жоқ, ол жай ғана демалуға кетті" деп айтты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG