Accessibility links

Қырғызстан ұстаздары Қазақстанға қатынап бала оқытып жүр


Қырғыз елінде мұғалімдердің әлеуметтік жағдайының болымсыздығы қырғызстандық ұстаздарды көршілес Қазақстанның мектептерінде жұмыс істеуге мәжбүр етіп отыр.

Қырғыз республикасының «Кабар» агенттігінің ақпанның 17-сі күнгі хабарына қарағанда, қырғызстандық жас мұғалімдердің арасында Қазақстан мектептерінде жұмыс істеп жүргендер аз емес. Қырғыз ұстаздары өз елдерінде мұғалімдер жалақысының мардымсыздығынан осындай амалға баруға мәжбүр болатындарын айтады.

Ал бірақ Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы елдегі орташа жалақыдан анағұрлым төмен. Әйткенмен, қырғызстандық мұғалімдер үшін Қазақстандағы жалақының өзі едәуір ақша саналады. Қырғыз республикасы білім министрлігінің аты-жөнін атауды жөн көрмеген маманы өз елдеріндегі жас мұғалімдердің Қазақстанның шекаралық елді-мекендеріне автобуспен қатынап оқытушылық қызмет атқарып жүргендігін растады.

Оның айтуынша, негізгі себеп - Қырғызстанда мұғалімдердің жалақысының тым аз екендігі. Бір айта кетерлігі, Қырғыз республикасында мұғалімдердің айлық жалақысы өз елдеріндегі орташа жалақыдан едәуір жоғары Ал қазақстандық мұғалімдер елдегі орташа айлық жалақыдан едәуір төмен алады.

Әйткенмен, қырғызстандық әріптестеріне қарағанда, қазақстандық мұғалімдер олардан шамамен 5-6 есе көп ақша алатын көрінеді. Бұл деректі Жамбыл облыстық білім департаментінің орта білімді дамыту бөлімінің жетекші маманы Балауса Аңдатова айтып отыр.

Қырғыз республикасы білім министрлігінің маманының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанға қатынап мұғалімдік етіп жүргендердің нақты саны белгісіз. Жамбыл облыстық білім департаментінің орта білім дамыту бөлімінің жетекші маманы Балауса Аңдатова ондай ұстаздардың қатары көбейіп жатқанын айтады.

- Қырғыз республикасымен шекаралас Қордай, Мерке, Георгиевка, Төменгі Шу кенттеріне көршілес елден келіп жатқан мұғалімдер көбейіп келе жатыр, - деді Балауса Аңдатова.

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, соңғы есептеулер бойынша білім беру саласы қызметкерлерінің айлық орташа жалақысы 18 мың 573 теңге.

Ал, елде орташа жалақының көлемі 28 мың 866 теңге болып белгіленген. Ақмола аумақтық және Астана қалалық статистика басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбековтың айтуынша, мұғалімдердің жалақысы Қазақстандағы ең төменгі жалақылардың қатарынан саналады.

Қырғыз республикасының «Кабар» агенттігінің хабарлауынша, таяуда ғана бішкектік алты жас мұғалім Жамбыл облысының Георгиевка кентіне қоныс аударған.

Мамандардың айтуынша, олардың Бішкектегі жалақысы теңгеге шаққанда 3,5 мың теңге болса, ал Қазақстанның Георгиевкасында алатын жалақылары кем дегенде 15 мың теңгеден асады екен.
XS
SM
MD
LG