Accessibility links

Қаби Жылқыбаев майданда жауды жеңгеннен гөрі өзінің сол соғысқа қатысқанын дәлелдеудің қиынға соққанына налиды


Қарқаралы қаласының тұрғыны Қаби Жылқыбаев жеңіспен аяқталғанына биыл алпыс жыл толатын екінші дүниежүзілік соғысқа өзінің қатысқандығын растайтын құжаттары бола тұра, соғыс ардагері санатына әлі күнге алынбай келеді.

Бұл күндері Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кетті. Мамырдың 7-сі күні Астанада соғыс ардагерлері мен әскери техниканың үлкен шеруі ұйымдастырылып, соғысқа қатысушылар марапатталмақ.

Ал Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында тұратын 81 жастағы Қаби Жылқыбаев 60 жылдан бері жеңіс мерекесін тек сырттай қызықтап келе жатқанын айтады. Қаби ақсақалдың қолында оның екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандығын және майданда алған жарақатына байланысты 2-ші топтағы мүгедек екендігін растайтын құжаттары болса да, ол әлі күнге дейін ардагерлер санатында жоқ. Сол себептен де соғыс ардагерлеріне тиесілі жеңілдіктер мен құрметтен осы уақытқа дейін құр алақан келеді.

Жеңістің 60 жылдық мерекесі қарсаңында Қаби Жылқыбаев ардагер куәлігін алуына көмектесуін сұрап парламент депутаттарына хат жолдады.

«Әскери комиссариат маған соғыс ардагері куәлігін бермей отыр. Жеңістің 60 жылдығында да атаусыз қалуым мүмкін», - деп жазады қария.

Осы мәселеге қатысты Қарқаралы қалалық әскери комиссариатына хабарласқан Азаттық радиосының тілшісіне өзін Данияр Көпжасаровпын деп таныстырған комиссариат қызметкері «нақты ешнәрсе айта алмаймыз, ол кісінің арызы бойынша Мәскеуге хат жаздық, бірақ бізге әлі жауап хат келген жоқ» деп қысқа қайырды.

Соғыс ардагері куәлігін алу үшін ондаған жыл сергелдеңге түскен Қаби Жылқыбаев мәжіліс депутаты Рауан Шаекинге арыз-хат жазып, көмектесуін сұраған. Депутат осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрі мен қорғаныс министріне депутаттық сауал жолдаған.

- Осы мәселе бойынша талай есікті тоздырған майдангер ақыры сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық соты 2001 жылғы қазан айында өткізілген мәжілісінде «Жылқыбаевты соғыс ардагері деп санауға» шешім шығарады. Бірақ, бұл мәселе бүгінгі күнге дейін шешілген жоқ. Ол ақсақалдың балалары, немерелері, жалпы ұрпағы үшін қажет, - деді депутат Рауан Шаекин.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өтпек. Қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы Әбубәкір Әбішұлы осынау айтулы мерекеге орай мамыр айында Астанада үлкен әскер шерудің өтетіндігін айтып отыр.

- Мемлекеттік органдарға, жергілікті әкімшіліктерге нұсқаулар берілген. Әскери шеруге дайындалып жатырмыз. Ақпанның 15-і күні қорғаныс министрі біраз ардагердің басын қосып, атқарылатын шаралар жөнінде айтып, пікірлерін сұрады, - деді қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы.

Ал майдангер Қаби Жылқыбаев соғысқа қатысқандығын дәлелдейтін куәліктің болмауы себепті бүгінде соғыс ардагерлеріне көретілетін құрметтің барлығынан шеттетіліп отырғанын айтады. Майданда жауды жеңгеннен гөрі өзінің сол соғысқа қатысқанын дәлелдеудің қиынға соққанына налыған ақсақал өзі сұраған куәліктің екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығына дейін қолына тиер-тимесіне де көңілі күпті.
XS
SM
MD
LG