Accessibility links

Есеп-шоты тұтқындалған оппозициялық «Сөз» газеті шықпай қалды


Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымдардың бірі - "Сөз" газеті ақпанның 17-і күні шықпай қалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талабы бойынша, сот редакция құрылтайшыларының банктегі есеп-шотын тұтқындауға шешім шығарған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпанның 11-і күні «Сөз» газетінің құрылтайшылары - «Ақ Тас» және «Лист-Инфо» кәсіпорындарының банк шоттары мен жылжымайтын және жылжитын мүліктерін тұтқындау туралы сотқа өтініш жасаған. Соған сәйкес Алматының ауданаралық экономикалық соты талап етушінің өтінішін толық қанағаттандырып, шешім бірден күшіне енсін деген анықтама берген.

- Бұл анықтаманың мақсаты - сот шешімін қамтамасыз ету деп көрсетілген, алайда, шын мәнісінде енді сот шешімінің орындалуы мүмкін емес, - дейді «Сөз» газетінің адвокаты Сергей Уткин.

Газеттің бас редакторы Шәріп Құрақбай банктегі есеп-шот алдыңғы сот шешімі күшіне енбей жатып тұтқындалғанын айтып отыр.

- Алматы ауданаралық экономикалық сотының шешімімен келіспей қалалық сотқа шағымданғанбыз. Яғни, ол шешім қалалық сотта қаралған кезден, яғни, наурыздың 9-нан кейін күшіне енуі тиіс болатын. Ал оған дейін газет шығуы керек еді. Бірақ есепшот, мүлік тұтқындалғандықтан, енді мысалы, баспахана төлемін қалай өтерімізді білмейміз, - дейді бас редактор.

Оппозициялық газет қызметкері басылымның шығуына қалалық сотқа апелляциялық шағым беру мерзімі аяқталмай тұрып тосқауыл қойылуының саяси себебі бар деп есептейді.

- Яғни, моральдық шығын ретінде белгіленген ақша арқылы ұлттық қауіпсіздік комитетінің абыройын қорғауды емес, тәуелсіз басылымға барынша зиян келтіруді көздеп отыр, - дейді газеттің шолушысы Қазиз Тоғызбаев.

Алайда, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық басқармасындағылар «ешқандай газетті алалап отырған жоқпыз, заңды бұзған кез-келген басылым заң алдында жауапты» дегенді алға тартып отыр.

- Егер, мәселен, «Егемен Қазақстан» газеті заңды бұзса, оны да сотқа бере аламыз. Себебі, мемлекеттік мекемеге жала жабуға болмайды. Заң алдында барлығы тең. Сондықтан, бұл жерде «тәуелсіз басылым» деген мәселені көтеру орынсыз, - дейді ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Төлетайтегі Азаттық радиосына.

Былтыр қыркүйектің 23-і «Сөз» газетінде «Ақ жол» партиясы теңтөрағаларының парламент сайлауы кезінде өздерін арнайы қызмет өкілдерінің аңдығаны жөнінде айтқан жорамалдары жайында хабарлама шыққан еді. Осы мақала арықылы «газет ұлттық қауіпсіздік комитетіне жала жауып, беделге нұқсан тигізді» деп, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы басқармасы оппозициялық басылымды сотқа берген еді. Осы айып негізінде Алматының ауданаралық экономикалық соты газетті кінәлі деп тауып, басылымға 5 миллион теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.

- Ал сол мақаладан, сол сөйлемнен кім қалай жапа шекті? Бұл сауалымызға ұлттық қауіпсіздік комитетінің қорғаушысы Гинзбург: «Комитет төрағасы Нартай Дүтбаевтан қатардағы еден жуушыға дейін зиян тартты» деп жауап берді, - дейді «Сөз» газетінің бас редакторы Шәріп Құрақбай.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері газет редакциясына істі айыппұлға жеткізбей шешу жолы туралы ұсыныс жасағандарын айтады.

- Олар мақалада кеткен қателіктер бойынша газетте түзету беруі керек еді. Алайда, біз 3-4 ай күттік. Бірақ олар ешқандай әрекет жасамады, - дейді ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Төлетайтегі.

Алайда, «Сөз» газетінің адвокаты Сергей Уткин ҰҚК тарапының басылымға айтқан өз сөздерінен айнып қалғанын айтып отыр.

- Бастапқыда олардың талабы бойынша газеттің бірінші бетінде түзету жөнінде мақала беруге келіскенбіз. Бірақ кейін қорғаушы Гинзбург ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауапты адамы мұндай келісімді мақұлдамағанын жеткізіп, «бейбіт шешім болмайтындығын» хабарлады, - дейді Сергей Уткин.

Бұл даулы оқиғаның бір себебі – заңдағы кемшіліктер деп есептейді келесі сарапшы, «Әділ сөз» қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калеева:

- Себебі, Жоғарғы соттың қаулысында "моральдық өтемақы ақылға сыйымды және жеткілікті болуы керек" делінген. Сонда қаншалықты жеткілікті, газетті жабуға жетерліктей ме?!

«Сөз» газетінің апелляциялық шағымы Алматы қалалық сотында наурыздың 9-да қараламақ. Ал газет басшылығы оған дейін газетті шығару амалын іздестіріп жатқандарын айтады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG